Асқар Мамин Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мемлекеттік наградаларды табыстады

890
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еңбек ардагерлеріне, министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне, сондай-ақ іскерлік орта өкілдеріне Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – Қазақстан тарихындағы айтулы күн. Тәуелсіздік – мемлекеттіліктің берік негізі, еркіндіктің, тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің символы. Біздің тәуелсіздігіміз әрбір қазақстандықтың өз елі мен жерінің игілігі үшін атқарған қажырлы еңбегімен, әрқайсымыздың дамыған және қуатты мемлекетте өмір сүруге деген ұмтылысымыздың арқасында нығая түседі», — деді А. Мамин салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Үкімет басшысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанда маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар табысты жүргізілгенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамытуға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыруға, елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған стратегиялық бағытты табысты жүзеге асырып келеді. I дәрежелі «Барыс» орденімен еңбек ардагері Нығматжан Есенғарин, III дәрежелі «Барыс» орденімен Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова марапатталды.

«Парасат» орденімен денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев, сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова, төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс ісі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының экс-төрағасы Ғалымжан Пірматов, Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Сайлаухан Райымбеков марапатталды. II дәрежелі «Достық» ордені «Сине Мидас Строй» ЖШС бас директоры Ахмет Буданға, «Kazpi.KZ» АҚ басқарма төрағасы Михаил Ломтадзеге, «Проммашкомплект» ЖШС дамыту жөніндегі директоры Сергей Павлингерге, «Тодини Централ Азия» ЖШС директоры Фабио Алманьоға, «Алсим Аларко Санайи Тесислери ве Тиджарет» АҚ вице-президенті Аббас Шахинға берілді.

 

Пікірлер