Тегеранда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілді

46

2021 жылғы 12 желтоқсанда Тегеранның «Парсиан Азади» қонақүйінде Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Иран Ислам Республикасындағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараның жоғары мәртебелі қонақтарының қатарында ИИР Ауыл шаруашылығы джиһады министрінің орынбасары М.Ғорбани, ИИР Мәжілісінің депутаты - Серпіліс және өндірісті өркендету жөніндегі арнайы комитеті төрағасының орынбасары –ИИР-ҚР парламенттік достық тобының басшысы Ғ.Нури Ғезелдже, ИИР Сауда, өнеркәсіп, кен және ауыл шаруашылығы платасының орынбасары М.Карбаси, ИИР Сыртқы істер министрлігі Еуразия департаментінің бас директоры Ә.Хағиғиан, ИИР СІМ Көпжақты және халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің бас директоры С.Әләви, Иранның өзге де мемлекеттік органдарының, Тегеранда тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, ирандық көрнекті қоғам қайраткерлері, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және қазақ диаспорасының өкілдері – жалпы, 150-ден аса адам қатысты. Салтанатты қабылдауда Ирандағы ҚР Елшісі А.Оразбай сөз сөйлеп, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асырды, нәтижесінде кеңестік үлгідегі жоспарлы экономика әлемдік сауда-экономикалық жүйеге толықтай интеграцияланған еркін нарықтық экономикаға көшті деп атап өтті.

Сонымен қатар, Елші тәуелсіздік жылдары Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция 380 млрд. долларға жеткенін, бұл Орталық Азияға тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 75%-ынан астамын құрайтынын мәлімдеді. Елші А.Оразбай сөзінің жалғасында Қазақстанның маңызды жетістіктерінің қатарында ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасқанын, көрші мемлекеттермен, соның ішінде Ресеймен және Қытаймен шекара толықтай делимитацияланғанын, сондай-ақ Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою нәтижесінде теңіз шекараларының делимитацияланғанын атады.

Елші Қазақстанның тәуелсіздік алған тұста әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқаны және Семей ядролық сынақ полигонын жапқаны халықаралық қоғамдастық мойындаған халықаралық қауіпсіздікке қосқан зор үлесі болғанын атап көрсетті. А.Оразбай Қазақстан-Иран қарым-қатынасының дамуы туралы бөлек айта келе, Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап екіжақты қарым-қатынастар әрқашан екіжақты деңгейде де, көпжақты форматта да өзара қолдауға негізделген саяси диалогтың жоғары серпінімен сипатталып келе жатқанына баса тоқталды.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket