Нұр-Сұлтанда 2022 жыл маусымындағы Astana Qazaqstan Team командасы таныстырылды

9930
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан елордасы Нұр-Сұлтан қаласында «Сарыарқа» велотрегінде Astana Qazaqstan Team кәсіби велокомандасының 2022 жыл маусымына арналған ресми тұсаукесері өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орайластырылған.

Әлемдік Турда 17-ші маусымды бастауға дайындалып жатқан команданың жаңа құрамына әлемнің жеті елінен (Қазақстан, Италия, Колумбия, Испания, АҚШ, Беларусь, Оңтүстік Африка) 29 шабандоз кірді.

Өткен маусымда үш рет жеңіс тұғырына көтерілген және «Тур де Франс» көпкүндігінің жалпы есебінде 7-ші орынға ие болған Алексей Луценко (Қазақстан), «Джиро д'Италия» мен «Испания Вуэльта» қола жүлдегері Мигель Анхель Лопес (Колумбия), гранд-турдың үш дүркін жеңімпазы (Астана» командасының құрамында екі рет «Джиро д'Италия» мен бір «Тур де Франс») Винченцо Нибали (Италия), классикалық велобәйге шебері, өткен маусымда екі рет жеңіске жеткен және тартысқа толы «Париж-Рубэ» жарысында 4-ші орынға ие болған Джанни Москон (Италия) команда көшбасшысы атанды.

23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында Қазақстан чемпионы Нұрберген Нұрлыхасым мен  «Гран Премио делла Либерация» бір күндік жарысының жеңімпазы, италиялық Мишель Гадзоли  жаңа маусымда команда құрамына енген жас спортшылар ретінде таныстырылды.

Команда көшбасшыларының, сондай-ақ команданың басқа мүшелері қатысатын жарыс күнтізбесі 4-19 желтоқсанда Испанияда өтетін команданың дайындық жаттығу жиынында анықталады.

Astana Qazaqstan Team бас спорт директоры, отандық маман Александр Шефер,  спорт директорлар  Марио Манзони мен Орландо Маини (екеуі де - Италия) бапкерлер тізіміне енді.

Алдағы маусымда велоұжым құрамын жаңартып қана қоймай жарыс жолына жаңа Astana Qazaqstan Team атауымен шығады.

Qazaqstan - Қазақстанның ағылшын транскрипциясындағы ең дәл және дұрыс атау. Qazaqstan - халықаралық спорт аренада  ғасырлық дәстүрді, тілді, мәдениет пен елдің қазіргі әлемдегі даму стратегиясын біріктірген жаңа бренд.

«Трансферлік кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, маусым алдында жоғары жетістіктерге жетуге қауқарлы және команданы жеңіске жігерлендіретін бірқатар шабандоздармен келісімге келдік. Бірнеше мықты көшбасшылармен қош айтысқанымызбен деңгейі жоғары  шабандоздарды қатарға қостық. Команда жаңартылды, бірақ біз жанкүйер біліп үйренген «Астана» командасы болып қала береміз, бізді  әлем таниды. Винченцо Нибали, Мигель Анхель Лопес пен Андрей Зейц сынды шабандоздардың оралуы командаға қосымша спорттық тұрақтылық пен өз күшіне деген сенімділікті береді. Джанни Москон, Джо Домбровски, Давид Де Ла Крус, Валерио Конти және басқа да спортшылардың келуі мақсатымызды айқындай түсті, жаңа мүмкіндіктер ашты. Ал Алексей Луценко сияқты көшбасшылар  команданың бетке ұстарлары, оның негізін қалаушылар. Шабандоздармен қатар бапкерлер құрамын да күшейттік, отандық маман Александр Шефердің әлі де берері мол. Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтанда таныстырылған команда жаңа маусымда толағай табысқа жететін және Astana Qazaqstan Team намысын абыроймен қорғайтын мықты ұжым болады деп сенемін», - деді Astana Qazaqstan Team командасының бас менеджері Александр Винокуров.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойына бірнеше күн қалғанда Astana Qazaqstan Team командасының ресми тұсаукесері елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткені ерекше мәнге ие. Шынында да, әлемдік пелотонда өз орны бар командада жаңа серпін пайда болды. Көшбасшылар жанкүйерлерге жақсы таныс, жаңадан қосылғандар да өздерін басқа жобаларда жоғары деңгейде көрсеткендер. Жастық пен тәжірибенің үйлесімі, жоғары мотивация және жеңіске деген жігер –  жаңа маусымда команданы алға сүйрейтін маңызды қажеттіліктер. Ұлттық велоспорт федерациясының президенті ретінде команда сапында қазақстандық шабандоздарды көргеніме қуаныштымын. Жас шабандоз Нұрберген Нұрлыхасым мен қазақ спортына еңбегі сіңген Андрей Зейцке қош келдіңіздер дегім келеді! 17-ші маусымда командаға сәттілік тілеймін!», - деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

2022 жылғы маусымдағы шабандоздардың толық құрамы:

Леонардо БАССО (Италия); Самуэле БАТТИСТЕЛЛА (Италия); Мануэле БОАРО (Италия); Глеб Брусенский (Қазақстан); Валерио КОНТИ (Италия); Стефан ДЕ БОД (Оңтүстік Африка); Давид ДЕ ЛА КРУС (Испания); Джо Домбровский (АҚШ); Евгений Федоров (Қазақстан); Фабио Феллине (Италия); Микеле Гадзоли (Италия); Евгений ГИДИЧ (Қазақстан); Дмитрий ГРУЗДЕВ (Қазақстан); Себастьян ЭНАО (Колумбия); Мигель Анхель ЛОПЕС (Колумбия); Алексей ЛУЦЕНКО (Қазақстан); Давиде МАРТИНЕЛЛИ (Италия); Джанни МОСКОН (Италия); Юрий НАТАРОВ (Қазақстан); Антонио НИБАЛИ (Италия); Винченцо НИБАЛИ (Италия); Нұрберген Нұрлыхасым (Қазақстан); Вадим ПРОНСКИЙ (Қазақстан); Александр Рябушенко (Беларусь); Хавьер РОМО (Испания); Харольд ТЕХАДА (Колумбия); Симоне ВЕЛАСКО (Италия); Артем ЗАХАРОВ (Қазақстан); Андрей ЗЕЙЦ (Қазақстан).

 

       

Спорт директорлар құрамы:

Александр ШЕФЕР (Қазақстан), Джузеппе МАРТИНЕЛЛИ (Италия), Дмитрий ФОФОНОВ (Қазақстан), Бруно ЧЕНЬЯЛТА (Италия), Сергей ЯКОВЛЕВ (Қазақстан), Стефано ЗАНИНИ (Италия), Марио МАНЦОНИ (Италия), Орландо МАИНИ (Италия).

«Астана» кәсіби спорт клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, құрылтайшысы – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры

«Адырна» ұлттық порталы.

 

 

Пікірлер