Болат Арынғазиев: «Желтоқсанда» мені орыс ұлтының жігіттері емес, өз қазағым ұрып-соққан еді...»

7022
Adyrna.kz Telegram

«Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тiтiркенiп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып, күзге айналған көктемдер…», — деп қазақтың шыншыл ақыны Мұхтар Шаханов жырлағандай, қазақ халқы үшін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының орны ерекше. Бұл көтеріліс – ұлт тарихында болған ақтаңдақтардың бірегейі. Талай боздақтарды арамыздан ерте алып кеткен қанды желтоқсан әлі де ел жадында сақтаулы. 
Ақтөбелік Болат Арынғазиев — осы оқиғаға қатысқандардың бірі. Ол Желтоқсан оқиғасын қолдап,  наразылық көрсеткені үшін 2,5 жыл бас бостандығынан айырылған. Ел арасында бокстан КСРО шебері ретінде танылған азаматпен мереке қарсаңында әңгімелескен едік.

Болат Арынғазиев жастайынан бокспен айналысқан. Мектепте жүргенде-ақ талай турнирлерге қатысып, жүлде алыпты. Тіпті ол сол кезеңде кез келген боксшының маңдайына жазыла бермейтін КСРО спорт шеберлігін де орындаған. Мектеп бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылып, міндетін абыроймен атқарып келген. Әскерден келген соң боксты жалғастырған, жаттықтырушы болып қызмет атқарған.

— Біз 1986 жылы желтоқсанда Алматыда осындай оқиға болып жатқанын білмедік. Бұл хабарды «Голос Америки» деген радиодан естідік. Соны естіп, жастар болып толқыдық, «Өз елімізге неге Ресейдің түкпірінен басшы әкеліп қояды?» деп қарсы шықтық. Сол кезде қасымда бірге жұмыс жасаған жігіттер Берік Тайбөкенов, Болат Телеуовтер болатын. Үш жігіт өзіміздің қарсылығымызды плакат жазу арқылы көрсеттік. Ешкімді ұрып-соққан жоқпыз. Ешкімді балағаттаған емеспіз. Біз тек мемлекеттік жүйеге қарсы болдық.  Оқиға орнында бізді сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері кісен салып, ұстап алып кетті. Содан үстімізден іс қозғалып, мен №60 саяси бап бойынша 2,5 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Бізді, қамалғандарды, лагерьге айдады. Мен сол мерзімді өтеп шықтым. Өкінішке қарай, сол үкіметке қарсы шыққан екі досым да өмірден өтіп кетті.

Лагерьде мен көп қиындықты бастан өткердім. Менің әлі күнге дейін күйінетінім, лагерьде жүрген кезімде зәбірді өз қазағымнан көргенім. Қамауда жүргенде маған бір орыс тіл тигізіп, я болмаса зәбір көрсетпеді. Бәрін өз қазағым жасады. Оның қатарында жасы менен үлкен және мен қатарлы азаматтар болды. Мысалы, лагерьде жүргенімде 4 жігіт мені саптан шығарып алып, кемсітіп, «сен желтоқсаншысың ғой» деп, балғамен қолым мен тіземнен ұрып, құлатқан еді. Бетіме күле қарап:  «не істейсің?» деп, мені келемеждеді. Бірақ мен сабырлық танытып, оларға ештеңе демедім. Сол өз қазағымнан көрген зәбір менің сүйегімнен өтіп кетті. Ол оқиғаларды мен ешқашан ұмытпаймын. Сондықтан қазір көпшілік ортаға барғым келмейді. Себебі сол Желтоқсан оқиғасы кезінде біз сияқты бозбалаларды ұстауға көмектескен адамдар қазір өз ортамызда жүр. Өз басым екіжүзді адамдарды көргім келмейді, — дейді ол.

Болат Арынғазиев түрмеден шыққан соң бұрынғы қызметіне қайта орналасқысы келгенін, алайда оны жұмысқа алмағанын айтады. Көпшілік оған «халық жауындай» қараған. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана ол жаттықтырушы қызметін жалғастырыпты.

— Қазір Ақтөбе қаласында бокс мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Бұйырса зейнеткерлікке шығуыма да аз уақыт қалды. Бұрын әлем чемпионын шығарсам деген арманым болды, сол арманым орындалды. Шәкірттерім бүгінде жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр, — дейді ол.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан спортшы бүгінде 3 ұлынан тараған 6 немеренің қызығын көріп отыр. Ұрпақтарының болашағына алаңдайтын ол бізге егемендікпен келген жақсылықтар мен жетістіктерді санамалап айтып берді.

— Биыл егемендік алғанымызға отыз жыл толды. Біз бұрын бұлай болады деп ойламаған едік. «Тәуелсіздік не берді?» деген сауалға келсек, тәуелсіздік жылдарында республикамызда, оның ішінде Ақтөбе облысында қаншама қазақ мектептері, балабақшалар ашылды. Түрлі орталықтар, ғимараттар бой көтерді. Халықтың әл-ауқаты түзелді, жұмыссыздық азайды. Тек менің бір налитыным, қазір қазақтар арасында шетелге көшіп кетіп жатқандар көп. Елдегі қымбатшылық та қазір халыққа қиын соғып тұр. Дегенмен мұнымен біз тоқтап қалмауымыз керек. Біздің азат ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 30 жыл енді толды. Алда әлі талай белес бар.

Бүгінгі тәрбиелеп отырған ұрпағымыздың болашағы жарқын болады деп сенеміз. Қазақ кеңпейіл, дарқан халық қой. Сондықтан қазаққа Құдай береді деп ойлаймын, — дейді Болат Арынғазиев.

 

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер