ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ КӨРІНІСІ

140

Биыл 30 жыл толып отырған қастерлі Тәуелсіздігіміздің қазақ халқына берген ең үлкен игілігінің бірі – ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруы, жас ұрпақтың ата-бабаларымыздың рухани мұрасымен және тереңде жатқан төл тарихымызбен қайта қауышуы. Олай дейтініміз Тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында Қытай, Түркия,
Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Олардың қорытындысы бойынша Қазақстанның сәулеті, этнографиясы және тарихына қатысты шамамен 5 мың жазба және баспа деректер алынды. Нәтижесінде 350-ден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды.

Сонымен қатар республика бойынша 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық ескерткіштерге қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді.
Ұлт тарихы мен мәдениетін зерттеу, тану және насихаттау бағытындағы жұмыстардан Шымкент қаласы да шет қалмады. Мемлекеттің жан-жақты қолдауымен жүзеге асқан зерттеу жұмыстарының арқасында Шымкенттің 2200 жылдық бай тарихы бар көне қала екені ғылыми тұрғыда дәлелденді.
Республикаға белгілі археолог Бауыржан Байтанаев жетекшілік еткен ғалымдар Шымкенттегі ескі қалашықта ұзақ жылдар бойы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Табылған деректерді зерттей келе мамандар Шымкенттің тарихы біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдан, яғни, Сырдарияның орта және төменгі тұстарында өмір сүрген әйгілі Қаңлы мемлекеті дәуірінен бастау алатынын дәлелдеп шықты.
Еуроцентристік көзқарастардың ықпалымен қалыптасқан танымда көне Қазақстан көшпелілер отаны болып саналатын. Алайда, археологиялық қазбалар біздің атамекенімізде көне дәуірлерде қалалар көп болғанын, мұнда толыққанды қалалық мәдениет қалыптасып, ғасырлар бойы салтанат құрғанын көрсетіп отыр. Ғалымдар көне Қазақстан аумағында алғашқы қалалар сонау қола дәуірде пайда болғанын алға тартады. Археологтардың мәліметтері Отырар, Сайрам, Түркістан және Тараз секілді қалалардың 2000 жылдық болғанын айғақтайды. Ал, Шымкенттің одан да тереңде жатқан 2200 жылдық тарихы барын дәлелдеу – отандық тарих және археология ғылымының елеулі жетістіктерінің бірі.

Жалпы қала аумағында республикалық маңызы бар 7 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның барлығы Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Бүгінде Әбдул-Әзиз баб, Ибрагим ата, Қожа Талих, Мірәлі баб, Қарашаш ана кесенелері мен Қызыр мұнарасы және Сайрам (Исфиджаб) қалашығы секілді ескерткіштерді қалпына келтіру, айналасын абаттандыру және оларды туристердің келуіне дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жергілікті маңызға ие 8 ескерткіш бар.
Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу мен сақтауға және оларды насихаттауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында негізінде әзірленген «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы оң ықпал етті. Осылайша, Тәуелсіздік жылдарында халқымыз өз тарихын танып, сол арқылы болашаққа деген сенімін бекемдей түсті. Сөз жоқ, бұл Тәуелсіздік кезеңінің ең маңызды жетістіктерінің бірі.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket