Орыс ұлты әлем бойынша қарқынды түрде азаюда

4292
Adyrna.kz Telegram

Ресей әлемдегі жер көлемі ең үлкен мемлекет бола тұра, халқы сол жердің көлеміне шаққанда ең аз болып саналады. Құрамында 150-ден астам ұлт өкілдерін қосқан Ресейде демографиялық мәселе өткір тұр. Ол титулды ұлт саналатын орыс халқына тікелей тән мәселе. «Бүгінде орыс халқы тек қана Ресей бойынша емес, сонымен қатар әлем бойынша қарқынды түрде азаюда» деп Мәскеудегі мүйізі қарағайдай демографтар дабыл қағуда.

Бүгінде орыс халқы жыл сайын азайып бара жатыр. Оған екі себеп бар дейді демографтар: Ресейдің нәзік жандылары қартаю үстінде және жас отбасылардың дағдарысқа байланысты көп баланы өмірге әкелуге және оны жеткізуге мүмкіндігі жоқ. 2016 жылы Ресейде 765,5 мың сәби дүние есігін ашса, 2017 жылы олардың саны 679,2 мыңды ғана құраған, Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 11%-ға аз. 2015 жылға дейін сәби туу біртіндеп азайса, 2015-тен бері қарай қарқынды түрде жүруде. «Бізді қарқынды түрде халық санының азаюы күтіп тұр және ол арта бермек»,-дейді Росстат сарапшысы Алексей Ракша.

1992 жылы Ресейде алғаш рет туу көрсеткішіне қарағанда қайтыс болғандардың саны басым болып, «Орыс кресті» атты термин енгізілген еді. Яғни демографияның тікелей азаюы және туу көрсеткішінің оны басып жете алмауы. Сол уақыттан бері 11 млн адами шығын, яғни өмірге келмеген сәбилерді есептей отырып (оның ішінде 4,7 млны орыс халқы) статистиктер жағаларын ұстауда. 2011 жылы БҰҰ жер бетінде 7 миллиардтың өмірге келгенін ресми жариялады. 2100 жылы БҰҰ-ның есебі бойынша жер халқы 10-11 миллиард адамды құрайтын болады деп отыр.

Ал Ресей демографтары қазіргі таңдағы туу көрсеткіші жалғасып, табиғи азаю(өлім) жалғаса берсе, онда Ресей халқы 2100 жылы 100 млн ғана болмақ. Соның 67-72 млн ғана орыс халқына тиесілі болады дейді. Яғни орыс халқының екі есе азаю көрсеткіші орын алуы мүмкін. Оливер Буллоу Ресей халқының, оның ішінде тікелей орыс ұлтының азаю салдары сан алуан дегенді келтіреді. Оның пікірінше алкоголь, соғыс, қаржылай дағдарыс, түрлі аурулардың көбеюі мен нашақорлық, эгоизм Ресейде басым. Мысалы 1940-1980 жылдар аралығында Ресейде ішімдік өндіру үш есеге артқан.

КСРО-да 1985 жылға дейін жұмысқа келмеушілердің 1/3 ішімдікті қолданғанына байланысты орын алған. 1986 жылы КСРО-да қабылданған жаңа реформадан кейін орыс халқының бала туу көрсеткіші қалпына келіп, 1962 жылғы көрсеткішпен теңескен. Бір ғана жылдың ішінде. 1965-1990 жылдар аралығында тікелей Ресейде 36 миллион адам дүниеге келіп, 24,6 миллионы қаза тапқан. Ал 1991-2007 жылдар аралығында 22,3 млн адам дүние есігін ашып, 34,7 млн жан қайтыс болыпты. Яғни адами шығын бейбіт уақытта артып келеді. Ең соңғы беби-бум 1989 жылы болған. Демография ғылымы бойынша беби-бум әрбір 25 жыл сайын орын алуға тиіс екен. Ресейдегі өзге халықтарда ол орын алғанымен, орыс халқында 29 жыл болса да әлі іске аспаған. «Бұл көрсеткішпен 2050 жылға қарай орыстар 80 млн халықты құрайды, ал жалпы Ресей халқының саны 116 млн болмақ. Яғни 30 жылдың ішінде Ресей 30 млн халқын жоғалтады. Бұл бір Канада халқымен пара-пар. Соның ішінде 85% шығынды орыс халқы құрамақ», — дейді Оливер Буллоу.


Асхат Қасенғали
arhar.kz

Пікірлер