Шымкентте ревакцинациялау науқаны басталды

1073
Adyrna.kz Telegram

Үшінші мегаполистің бас санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаев коронавирусқа қарсы вакцинаның III компонентін салдырып, ревакцинациялау науқанын бастады. Қалалық №13 емханада орналасқан екпе егу пунктінде векторлы екпе алғанына 9 ай және белсенді емес вакцина салдырғанына 6 ай болған тұрғындар қайта вакцинациялаудан өтті.

– Covid-19 инфекциясының алдын алу мақсатында қайта вакцина салдыруға келіп, отандық өнім «QazVak» екпесін алдым. Ақпан айында ресейлік векторлы «Sputnik-v» вакцинасын алғаныма 9 ай толған соң келіп тұрмын. Коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы және екінші компоненттерін салдырғаннан кейін жазғы толқында, түрлі деңгейдегі ауру-сырқаттың ортасында жүрдік. Аурудан аман қалғанымызға да себепші екпе деп білемін. Ревакцинацияға медицина қызметкерлері мен педагогтер, күш құрылымындағы мамандар, түрлі әлеуметтік деңгейлі осал топтағы азаматтар өтеді. Қазір қаламыздағы екпе егу пукнттерінде вакцинаның 6 түрі салынуда. Одан бөлек, жасөспірімдер мен жүкті және бала емізетін әйелдерді вакцинациялау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңға 1700-ден астам адам «Комирнати» (Pfizer) екпесін алды. Олардың ішінде індетті жұқтырғандар мен денсаулығына шағым айтқандар болмады. Шымкентте эпидахуал қалыпты. Қаламыз жасыл аймақта. Бірақ санитарлық талаптар толық сақталуы керек. Бетперделік режим, арақашықтық және «Ashyq» қосымшасын қолдану әлі де жалғасады. Адамдар заңнан қорқып емес, өз денсаулығы үшін күресуі керек. Ол үшін екпенің барлық компонентін салудыруға шақырамын, - деді бас санитар дәрігер.

Ал емхананың эпидемиолог дәрігері Ақбөпе Сәрсенбекова аталған екпе егу пунктінде ақпан айынан бері коронавирусқа қарсы 24 мың адам вакцина алғанын айтады. Алдағы уақытта векторлы екпе алғанына 9 ай және белсенді емес вакцина салдырғанына 6 ай болған тұрғындар ревакцинациялауға келуіне болады.

Азамат ЖАППАР

Пікірлер