ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ: Бұл жүйе Тасмағамбетов секілді жеке тұлғаларды құрбан етуге әзір жүйе

5926
Adyrna.kz Telegram

Билікпен айтысамыз, тартысамыз. Жалпы идеологиялық тұрғыда болсын, жекелеген мәселелер бойынша болсын, пікір таластырып келеміз.
Сонда ұққаным мынау: билік басында отырғандар екіге бөлінеді.

Бірі – жүйе әбден таптап, бәрін бір қатарға тұрғызып қойып, ашса алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап, тырп еткізбейтін солдаттар.
Екіншісі – жүйе ішінде жүріп, оның айтпаса да түсінікті ережелері мен шарттарын қабылдаса да, өз білімі мен біліктіліне нық сенімді, сол себепті орынды жерінде мінез көрсете алатын тұлғалар.
Алғашқы топтағылар – тұтас бір армия болса, екіншілері – сирек кездесетін қолбасшылық қасиеттері бар қайраткерлер, бейресми лидерлер. Олар режимнің Прокруст қалыбына сия алмағандар, сия алмайтындар. «Ойымыздағын айтып, мінез танытамыз» деп біразы әртүрлі себептермен қатардан шығарылып, «өшіп» те қалған.
Сол санаттағылардың бірегейі – бүгін 65-ке толып отырған Иманғали Тасмағамбетов. Оның талантты ұйымтастырушы, мемлекетшіл, ұлтшыл қайраткер екенін фанаттары да, ата жаулары да мойындайды.
Бір нәрсе анық: ол Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне және ол құрған билік жүйесіне берілген, оған шын ниетімен қызмет еткен тұлға. Оған Назарбаев та үлкен сенім артты. Сондықтан ол президент лауазымынан басқа қызметтің бәрін атқарды. Ондай карьера жасаған шенеунік қазақта жоқ шығар.
«Жақсы жігіттің соңынан сөз ереді» деген аталы сөз бар. «Шенеуніктің бәрі жемқор» деген жалпақ сөз бар. Қасқырдың аузы, жесе де, қан, жемесе де, қан. Имекең де «тисе терекке, тимесе, бұтаққа» принципімен айтылатын сол жалпылама һәм біржақты пікірдің бір құрбаны деп білемін.
Бұл жүйе ешкімді аямайды. Бәлкім, оның құйрығына да қоңырау байлап қойған шығар. Ол жағын білмедім.
Бірақ айтайын дегенім мына екі шындық.
Тасмағамбетовтың екі трагедиясы бар.
Бірі – ол харизмасы ерекше, тым көрнекті, жарқын тұлға. Оның болмысын, кейде тым қатты кететін адуын мінезін бұл жүйе көтере алмады деп санаймын. Жалпы, тым көзге түскен тұлғалардың ортақ тағдыры осы! Бұл жүйеге ондай адамдар керек емес! Және де оны көре алмай, туа біткен қасиеттеріне, ел ішіндегі беделіне, электораттық әлеуетіне қызғанышпен қараған басқа емес, нақ өзінің қатарластары, бірге қызметтес, дастархандас боп, «Имеке, Имеке!», - деп құрақ ұшып жүргендер деп білемін. Және де ол туралы әртүрлі қауесеттерді таратып жүргендер де солар мен оларға бағынышты БАҚ пен жеке тұлғалар деп білемін. Әйтпесе, қайраткер Тасмағамбетовке деген елдің көпшілігінің көңлі қандай екенін биліктің өзі біледі деп санаймын. «Шаңырақ» оқиғасы тұсында да күштеу құрылымдарға кім бұйрық бергенін уақыт көрсете жатар. Өз басым, ондай органдарға қала әкімі пәрмен бере алады дегенге сенбеймін.
Екіншісі – ол бар саналы өмірін сарп еткен осы жүйеге жан-тәнімен беріліп, одан дәл сондай жауап күтті. Олай болмады: бұл жүйе кез келген адамды таптап өте беретін, бір адамның (оның кім екенін бәріміз білеміз) мүддесіне тұтас бір ұлтты, ұрпақтарды, идеяларды, Тасмағамбетов секілді жеке тұлғаларды құрбан етуге әзір жүйе.
PS. «Әшейінде биліктегі таныстары туралы пост жазбайтын Әміржан неге бүгін сонша лирикаға салынды?» деушілерге жауабым мынадай.
Шынымен де, «оппозициядағы менің біреуге салқыным тиіп кетпесін» деп билікте жүрген дос, жолдас, таныстарыма, бұрынғы әріптестеріме қатысты жария пікір білдірмей жүргенім рас.
Бірақ, «президент болуға лайықты екі адам болса, бірі Тасмағамбетов» деп жүрген жұрт та оның қазіргі кезеңде ресми қызметте жоқ екенін біледі. Сондықтан, дәл қазір салқыным тие қоймас.
Сол салқын тиіп жатса да, бірнеше жыл бойына Имекеңмен бірге жұмыс істеп, 28 жасымда министр Тасмағамбетовтың орынбасары болған менің бүгін, оның туған күнінде үнсіз қалғаным ыңғайсыз болар.
PS 2. "Антитасмағамбетовшіл" комментаторларға алдын-ала айтайын: мен оның адвокаты емеспін, үкіметтен кеткелі онымен тұрақты байланысым жоқ. Сол баяғы "салқыным тиіп кетпесін" деп, "неге оппозициямен араласып жүр" деп оны айыптамасын деп, кездесуге құштар болған емеспін. Қоғамда бар әртүрлі айыптарға азамат ретінде өзі жауап берер.
PS 3. Мынау 1996 жылғы фото. Тасмағамбетов – вице-премьер, мен – үкімет баспасөз қызметінің жетекшісімін. Одан кейін фотоға түспеппіз. Ол әлеуметтік саладағы реформаларды насихаттап, 16 облысты аралап келген тұсы. Сол туралы журналистерге есеп беріп жатыр. Қазір сондай, күні-түні аймақтарды аралап, мемлекет саясатын түсіндіретін шенеуніктер бар ма өзі?!

Пікірлер