Дулыға Ақмолда 50 жасқа толды

3061
Adyrna.kz Telegram

Дулыға Ақмолда 50 жасқа толды. Жүрекжарды құттықтау тілекті Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өз фейсбук парақшасында бөлісті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Бүгін Қазақстандағы ең танымал әрі сұранысқа ие, киномандар да, театр өнерінің жанкүйерлері де жақсы білетін және жақсы көретін актерлердің бірі – Дулыға Ақмолда 50 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Ол 1993 жылы Алматы театр институтындағы Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасын үздік бітірген. Тәлімгер болашағы зор 22 жасар түлегін өзі ойнайтын сахнаға – М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына алып келеді. Ол жерде Дулыға 30-дан астам рөлдерді сомдаған. Ромеодан бастап Король Лирге дейін, Хлестаковтан Спаргаписке дейін – актердің шығармашылық мүмкіндіктерінің ауқымы кең.

Әрине, мұндай талант кино әлемінде назардан тыс қалмады. Оның кинодағы мансабы 2001 жылы Сатыбалды Нарымбетов «Қыз жылаған» фильміне шақырғанда басталған. Содан бері актер драма, комедия, экшн, триллер сияқты түрлі жанрдағы толық метражды картиналар мен телешоуларда ойнады. Бүгінде оның кинодағы жетістіктері театрлық еңбектерінен кем түспейді – және бірнеше жыл бұрын ҚР Президентінің Жарлығымен актерге театр және кино өнері саласындағы жетістіктері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген.

Кино орталығының ұжымы Дулыға Досмұхамбетұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтайды және зор денсаулық, мол бақыт пен таусылмас шығармашылық табыс тілейді!

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер