Қаржы министрі: "Биыл бюджеттің 66 млрд теңгесі игерілмеді"

1735
Adyrna.kz Telegram

Биыл республикалық бюджеттің игерілмеген қаражат көлемі 66 млрд теңгені құрап отыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы республикалық бюджет бойынша шығыстар 13 трлн теңгені құраған. Атап айтсақ, атқарылмаған жұмыстар бойынша қаржы көлемі — 81 млрд теңге, оның ішінде 15 млрд теңге – үнемдеу, игерілмегені – 66 млрд теңге.

"Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары мәдениет және спорт, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы және ішкi iстер министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін ақы төлеу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу сынды мәселелер туындап отыр", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Қаражат игермеу жергілікті бюджетте де туындап отырған мәселе. Оның шығысы — 8 трлн теңге.

Қаражат игермеген қалалардың ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары еніп отыр.

"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер