ЖАРАС СӘРСЕК: Қайтарыңдар..

2503
Adyrna.kz Telegram

(Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаеқа)

Ел сұраса , ел билер елеңдеген ,
Елдік салтым бар еді көнермеген .
Көнермесін сеземін денем менен ,
Кездер өткен бәріне көнем деген .
Ұлына - ұя ,
Қызына - болған төркін ,
Елдің еркін даласы көңіл көркім .
Бөркім шіркін кең еді көп бас сиған ,
Керек боп тұр өзіме енді өз бөркім .
Желтоқсан боп тағдырды бастан кештім ,
Азаттықтың ақ жолын ашқан көшпін .
Иықтағым - Тәңірдің теңбіл добы ,
Ойнамасын біздегі баспен ешкім .
Қаракермен қатерден қарғып өткен ,
Қайран бабам , ұрпағың арлы не еткен !..
Ағайынға атымды түсіп бергем ,
Арып - ашып келгенде арғы беттен .
Ел атауын өзгертсе жабылғандар ,
Жер атауын өзгертті қағынғандар .
Сынбаса да қайысып өкпемді езген ,
Қарадала секілді қабырғам бар ...
Заман қалай өзгерді , байқадыңдар ,
Адам қалай өзгерді , байқадыңдар .
Дала деген көзі ғой қарт бабаңның ,
Қарттың көзін өзіне қайтарыңдар !
Сенің дағы білемін айтарың бар ,
Менің дағы біле жүр айтарым бар .
Қарадала - көзім ғой маңдайдағы ,
Өз көзімді өзіме қайтарыңдар !!!

Пікірлер