Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған «30 игі іс» акциясы жалғасын табуда. Акция аясындағы кезекті іс-шара «Болашақ» тірек-қимылы бұзылған балаларды оңалту орталығында өтті. Бұл жолы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы орталыққа қайырымдылық көмек көрсетті.
Атап айтқанда, «Ауыл» ХДПП Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Қанатбек Досалиев және партия атынан сайланған мәслихат депутаттары Қуаныш Дәулеталиев пен Ғани Қанжігітұлы, сондай-ақ партияның Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық аппаратының қала бойынша филиал координаторы Ғалымжан Оразбаев бастаған «ауылдықтар» оңалту мекемесіне «құрғақ бассейн», кеңсе тауарларын және балалардың ой-өрісін дамытуға, қимыл-қозғалысты реттеуге арналған ойыншықтар мен емдік құралдарды сыйға тартты. Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған іс-шара қайырымдылық мақсатты көздеп, орталық ұжымы мен балалардың есінде қалар сәтті оқиғаға айналды.
— Еліміздің айтулы мерекесі Тәуелсіздік халыққа шаттық көңіл күй сыйлап, әдемі көріністерімен ел жадында сақталып қалу үшін мерейтойға орайластырып сауабы мол игі амалдарды көбірек жасауымыз керек. Осы мақсатқа орай балалардың күлімдеген көздері мен бал-бұл жанған қуанышты жүздерін көру үшін «Болашақ» оңалту орталығына арнайы ат басын бұрып, бүлдіршіндерге дайындаған сый-сияпатымызды тарту еттік. Ұлт саулығы әрқашан мемлекеттің басты стратегиялық бағыты болып қала береді. Сондықтан қаладағы тірек-қимыл қозғалысы бұзылған бірден бір осы мекемеге арнайы қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырдық. «Ауыл» партиясы бастаған мұндай игі істер кейін де жалғасын табады, - деді Шымкент қаласы бойынша саяси ұйым жетекшісі Қанатбек Досалиев.
Айта кету керек, «Болашақ» тірек-қимылы бұзылған балаларды оңалту орталығы, бұл үкіметтік емес ұйым және «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорына қарасты мекеме. Орталық басшысы Жанетта Жазықбаеваның мәлімдеуінше, оңалту мекемесі екі бағыт бойынша қызмет атқарады. Оның біріншісі, 2006 жылы дәрігерлер қателігінен АИТВ дертіне шалдыққан 268 бала мен олардың ата-анасына психоәлеуметтік, заңнамалық көмектер көрсету болса, екіншісі, мемлекеттік тапсырыс бойынша психоневрологиялық және тірек-қимылында ауытқуы бар балаларға медициналық ем-дом шараларын жүргізеді. Қор 2006 жылы АИТВ дертін жұқтырған сәбилердің ата-аналарының қолдауымен ашылған.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ