Қоғамдық кеңес келелі мәселелерді қарады

368

Шымкент қаласы әкімдігінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысты кеңес төрағасы Н.Бұхарбай жүргізіп отырды. Кеңесте экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Б.Жүзенов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Б.Әділханов, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова 2021 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді.

Экономикалық тергеу департаментінің өкілі Б.Жүзенов жалған шот-фактура жасау, салықтан жалтару, бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау, жалған ақша жасау, экономикалық контрабанда деректері бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Кеңесте Е.Жолдасов қаладағы жолдар мен қоғамдық көлік саласында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша бүгінгі таңда қалада айналма жолдардың құрылысы қарқынды жүруде. Ішкі орамдық көшелер жөнделіп жатыр. Электронды карта саудасы 300 мыңнан асса, келесі жылы оны 500 мыңға жеткізу жоспарда бар.

— Қалаға әлі де 1880 аялдама қажет. Осы мақсатқа 650 млн. теңге бөлінді. Биыл 288 аялдама орнатылды. Автобус жүргізушілерінің мәдениетін көтеру бағытында жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта пайдалануға берілетін жаңа автобустарда аялдамаларды атайтын қызметі болады. Бірте-бірте жолаушылар тасымалы қызметін кондукторсыз атқаруға көшеміз. Бұл жоспарларды орындау 3-5 жыл уақытты алады, - деді Е.Жолдасов. Қоғамдық кеңес мүшелері көлік жылдамдығын кешкі, түнгі уақытта сағатына 40 шақырымнан 60-70 шақырымға көтеру керек деген ұсыныс айтып, оны хаттамаға енгізетіндерін жеткізді.

Ал ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Б.Әділханов 17 өңірдің ішінде Шымкент іс-шаралар саны жөнінен үздік бестікке кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, биыл 350-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған. Оның 75 пайызы онлайн форматта өткен. Мемлекет саясатын насихаттау бойынша 236 материал жарық көрген. Б.Әділханов қалада 840 үкіметтік емес ұйым барын, бірақ нақты белсенді жұмыс істейтіні жүзден сәл-ақ асатынын баяндады. Өз кезегінде кеңес мүшелері шалғай ауылдарда мектеп бітірген, бірақ ҰБТ тесттен өте алмай жұмыссыз жүрген жастар көп екенін, сондықтан алдымен олардың санын нақты біліп алып, сосын оларды оқыту, жұмысқа орналастыру бойынша арнайы жоспар немесе бағдарлама жасау қажеттігі жөнінде ұсыныс тастады. Сондай-ақ оқушылар арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында қаржы бөлдіріп, бұл іске білікті психологтарды тарту туралы идея ұсынды.

Сонымен бірге мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының баяндамасына орай кеңес мүшелері жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандардан жұмыс өтілін талап ететін талапты алып тастау керектігін, сондықтан бұл мәселеге байланысты заңға тиісті түзетулер енгізу жағын қарастырып көру керектігін сөз етті.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket