Әр адамның өз міндеті бар

6214
Adyrna.kz Telegram

Әр пенденің дүние есігін ашқан сәттен бастап, ақырғы демі біткенге дейінгі тірлігінде атқаратын жұмыстары, мойындарына жүктелген міндеттері болады. Ведалық ілімде бұны –дхарма деп атайды. Бұл міндеттер ешқандай конституцияда немесе заңда жазылмаса да, діни шарттарда белгіленбесе де , оны әрбір адам өзі іштей түйсінеді.

Міндетті орындамаудың салдары

Пенде мойнына жүктелген табиғи міндеттерін орындамайтын болса, оның зардабын өзі де, айналасындағы басқалар да тартады. Мәселен, әр адамның ең алдымен, өзі тұратын мекендегі көршілерінің алдындағы, отбасы мен туған туыстарының алдындағы міндеттері бар. Егер сіз көршіңізбен тату тұрмасаңыз бұдан көршіңіз де, өзіңіз де зардап шегесіз.

Пайғамбарымыз хадисінде «ең алдымен көршіңе көмектес, содан кейін тағы да көршіңе көмектес» дейді. Көрші түсінігі тек жапсарлас үйде тұрумен шектелмейді. Бірге жұмыс істейтін адамдар да сізге көрші іспеттес. Ең алдымен, сіз оларға залалыңызды тигізбей, содан кейін қолдан келгенше көмектесуіңіз қажет. Егер сіз өз міндетіңізді дұрыс орандамасаңыз, одан көршілеріңіз залал тартады.

Біздің мекемеде өзінің қызметтік міндетін дұрыс орындамайтын келіншек жұмыс істейді. Жарнама бөлімінде істейтін ол ешқандай жарнама тартпайды, орысша жазылған мәтіндерді бізге әкеліп аудартып алады, жиі-жиі ауырып, жарамсыздық парақшасымен жұмысқа апталап шықпайды. Бұл уақыттарды оның міндетін басқалар атқаруға мәжбүр және олар бұл үшін бір тиын алмайды, яғни тегін істейді. Кім артық жұмыс жасауды ұнатсын, сондықтан басқалар әлгі келіншекті жеккөреді. Жалқаулығы үшін, өз міндетін дұрыс орындамайтындығы үшін.

Өткен жылы Көкшетауда арақ ішіп, темекі тартатын ерлі-заыптылардың кесірінен көп пәтерлі үйде өрт шығып, біраз үйлер жанып кетті. Араққа тойып алған әлгі екеуі ұйықтап жатып, төсегінде темекі тартып, сөнбеген тұқылды еденге тастай салыпты. Өрт содан шыққан. Осының салдарынан әлгілердің өздері де, көршілері де  зардап шекті. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Мұғалім бала оқытып, имам уағыз айтсын

1987 жылы университетті алғаш бітіріп, жолдамамен шалғай ауылға мектепке мұғалім болып бардым. Мектеп директоры біраз жасқа келген адам маған: «мұғалімнің жолы қыздың жолынан да жіңішке, сенің әрбір ісіңе балалар қарап отырады, шалбарың қыртысталып, сақалың алынбаса, дөрекі сөйлесең, осының бәрі беделіңді түсіреді. Сондықтан киім киісіңе, жүріс-тұрысыңа, сөзіңе көңіл бөл» деген еді. Ол сөздің ақиқаттығын мектепте істеген бір жыл уақыт ішінде тәжірибе арқылы көз жеткіздім.

Өз міндетін дұрыс орындамайтын дәрігер, мұғалім, тіпті көше сыпырушы сияқты қарапайым жұмыскердің әрекетінің де теріс зардабы мол болады. Оны әлгі адамның өзінен басқа, айналасындағы жандар, туыстары мен отбасы да тартады. Дхарма дегеніміз: өз міндетіңді барынша адал орындау. Ол сенің қызмет міндетің бола ма, ата-анаңның, отбасыңның, туыстарың мен дос-жарандарыңның, ақырсында Отаныңның алдындағы міндет бола ма – бәрібір. Бәрін де хал-қадерің келгенше дұрыс орындауға күш салуың қажет. Сонда ең алдымен, өзгелерге залалың тимейді, содан кейін тамыр-таныстарыңның алдында жүзің жарқын болады.

Өз міндетін түсінбейтіндер

Таяуда театрға бір спектакль көруге бардым. Теріс ағымдарға ілескендер жайындағы пьеса екен. Дін тақырыбы көңіліме жақын болғасын барғанмын. Алдыңғы қатарға тақия киген бір кісі келіп отырды. Үстіне жасөспірімдер киетін жеңіне жамау салынған пиджак киіпті. Қалтасынан смартфонын шығарып, соған шұқшия қарап отырған оны қасымда отырған жігіт «мынау имам емес пе» дегенде ғана әзер таныдым. Иә, орталық мешіттің имамы екен әлгі. Үстіне ақ шапан киіп, басына сәлде салып жүретіндіктен болар, мына пиджак киіп, смартфон ұстаған қалпында имамға еш ұқсата алмадым. Спектакль біткен соң жұрт әртістерге қошемет көрсетіп түрегеп тұрып ұзақ қол соқты.

Спектакльден шыққасын танысым: «театрға жастар көп келген екен, егер имам сахнаға шығып, жат ағымдардың залалы туралы бірер ауыз уағыз айтқанда, әсерлі болар еді» деді. Бірақ пиджак киген имамның жат ағымның залалы туралы спектакль көріп әсерленген жастардың алдына шығып, уағыз айту қаперіне де кірмеген сияқты. Оның  киім киісі мен осы әрекетіне қарап, өз міндетін түсінбейтіндігін, тіпті өзі таңдап алған дін қызметкері мамандығын онша ұнатпайтындығын байқағағандай болдым. Әйтпесе, неге  шапан киіп, сәлде тағу тек мешітте ғана жарамды деп санайды. Христиан поптары көшеде де, үйлерінде де қара сутанасын киіп жүрмей ме.

Түйін: Ұлы Абайдың «Ақын болу шарт емес, азамат болу парызың» дегеніндей, әрбір пенде өзіне Жаратқан дүние есігін ашқан кезде жүктеген табиғи міндеттерін барынша адал және ұқыпты орындауға, ол міндеттерін ешқашан жадынан шығармауға тиіс. Әйтпеген жағдайда, өзіңізге де, өзгелерге де үлкен залалыңыз тиеді


akikat01.com

Пікірлер