«Алатау» дәстүрлі өнер театры Ыстамбұлда

4345
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мен Түркия мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстардың бір тармағы – театр және музыка өнері саласындағы қарым-қатынастар. Туыстас екі елдің мәдени қарым-катынастарында дәстүрлі мәдениет үлгілерін жаңғыртудың да маңызы ерекше. Бұл екі елдің төл мәдениеті бойынша қандай ерекшеліктері пен ұқсастықтарының бар екенін танытатын үлгі.

Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының әкімдігіне қарасты Алматы қаласы мәдениет басқармасы, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігі, Ыстамбұл қаласы әкімдігі және Алматы қаласы мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұлттық өнерімізді таныту, ұлттық бірегейлікті дәріптеу мақсатында 2021 жылдың 25 қараша күні Түркияның Ыстамбұл қаласында Джемал Решит Рей Консер Салонунда «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші өтті. Ұлтымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде ұмыт болып бара жатқан қазақтың тұрмыс-салтқа бағытталған «Алтыбақан» ұлттық ойыны – қазақ жастарының ертеден келе жатқан кешкілік бас қосып, ән айтып, домбыра тартып, айтыс жасап, би билеп, түрлі ойындар ойнап, көңіл көтеріп, ойын-сауық құратын кеші. Осы ұлттық ойынның төңірегінде әуелеткен дәстүрлі ән мен күмбірлген күй, билеріміз бір бірімен астасып, ойын-сауық ән кеші ұсынылды. Ән кешіне Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы арнайы келіп, құттықтау сөзін айтты. Сондай-ақ бауырлас түрік елінде білім алып жүрген отандастарымыз, түркиялықтар және т.б. бой көрсетті. Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, түрік және әзербайжандық өнер саңлақтары және көрермендер өнерпаздарымыздың таланттарына тәнті болып, ұлттық өнеріміздің өркендей беруіне демеу көрсеткен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа, өнерпазадарымызға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Театр директоры – Ринат Заитов, Көркемдік жетекшісі – Жұлдызбек Жұманбай.


Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек», – деп атап көрсеткен болатын. Рухани құндылықтардың түпкі мәні ұлттық өнер екені белгілі. Бұл адамдардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандырады. Қазақ халқының ұлттық дәстүрлі өнері – мәңгілік өшпейтін өміршең қазына. Күллі әлемге мақтанышпен көрсете алатын символымыз. Төл өнерімізді өрге сүйреп, барынша насихаттау – баршамыздың парызымыз. Падиша дәстүрлі ән өнеріміз қанатын кеңге жайып, ұлы дала рухы асқақтай бергей!

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің басшысы

Пікірлер