Еңбексүйгіш азамат

426

Бүгінде жарықсыз бір күніңді өткізу мүмкін емес. Себебі үйде де, жұмыста да барлық қызмет электр қуатының күшімен іске асады. Ал оның қаншалықты қауіпті екендігіне қарамастан, күн сайын жеке басы мен денсаулығын қатерге тігетін Бақтияр Бердиевтің еңбегіне тұрғындар дән риза.

— Мен отбасында көп баланың бірі болып өстім. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары болды. Сол себепті еңбекке ерте араластым. Мектепті бітіргеннен кейін бірнеше жыл әкемнің қасында жүріп, жұмыс жасадым. Кейін Нөкіс қаласындағы политехникалық училищеге түсіп электрик мамандығын тәмамдадым. Оны аяқтаған соң сол қаладағы мотор шығаратын зауытта төрт жыл электромонтер болып жұмыс істедім. Арада бірнеше жыл өткен соң Ақтөбе қаласына көшіп келдім. Қазір қала іргесіндегі Придорожный бау-бақша ұжымындағы электр жүйелерін қараймын. Бұрын ауданымыздағы электр қуатының күші аз, әлсіз болды. Сол себепті кейде жарық сөніп қалатын. Алайда тұрғындардың бірігіп қолдау көрсетуімен ескі трансформаторларды жаңалап, электр желілерін жөндедік. Қазір осы ұжымда электрикпін. Электр желілерін қадағалаймын, тұрғын үйлердің үнемі жарықпен қамтылуын бақылаймын, — дейді Бақтияр Дәулетбайұлы.

Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын Бақтияр Бердиев он жылдан бері «Энергосистема» ЖШС-ында жарықтандыру саласы бойынша электрик болып жұмыс істейді. Өзі тұратын ауданның жарықпен қамтамасыз етілуін қадағалайтын оның қарамағында 80-ге жуық абонент бар.

— Электрик мамандығының сала-бөлімдері әр түрлі. Мен жарықты жеке үйлер мен пәтерлерге барып қоспаймын. Тек қажетті аймаққа дейін жеткізіп беремін. Жұмысымның көбі далада өтеді. Сондықтан ауа райының күрт өзгеруі кейде жұмысымызда көп қиындық туғызады. Жаздың желді күндері мен қыстың қарлы борандары желілерді үзіп, бағаналарды құлатып кетеді. Кей жағдайда тал-теректер де электр желілерінің үзілуіне себеп болады. Осындай жағдайларда ток жүйелерінен тұрғындардың зардап шекпеуін қатаң бақылауда ұстаймыз. Сондай-ақ, желілерді жалғап, тексеру барысында оны жан-жақты қарап, зерттеп алмай іске кіріспейміз. Өйткені, жоғары кернеулі токпен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Ток көзге көрінбейді, оның бар-жоғын аңғармай қалсаң, қатерге ұрынасың. Бұл үлкен ыждағаттылықты, біліктілікті қажет етеді. Сондықтан кез келген уақытта қауіпсіздік ережелерінің сақталғандығын дұрыс көремін, — дейді ол.

Энергетика саласында біраз жыл еңбек еткен кейіпкеріміздің осындай кәсіптік шеберлікке жетуі оның өз ісіне деген сүйіспеншілігінен болса керек, ол: «Егер екінші мәрте мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, ойланбастан тағы да жарықтандырушы болар едім», — дейді.

— Себебі адал қызмет жарық тұтынушылар алдындағы жауапкершілік міндетімді арттырса, сол еңбектің тәтті жемісі көңілімді марқайтады, биік мақсаттарға жетелейді. Әрқашан еңбегім еленіп, шынайы ықыласым бағаланып жатады. Сондықтан мен өз жұмысымды алдымен сүйіспеншілікпен және жауапкершілікпен атқаруға тырысамын, — дейді кейіпкеріміз.

«Ерінбей еңбек еткен адам ғана биікті бағындырады» деп есептейтін Бақтияр Дәулетбайұлы қазір жастар мамандық таңдауда өз қабілеттеріне емес, қаражаттарына көп сенетінін айтады. Оның айтуынша, соңғы кездері «заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, жастардың көбі жұмысы жеңіл, еңбекақысы жоғары, жайлы да зәулім ғимарат не кеңсе ішінде отырып жұмыс жасағанды құп көреді.

— Бүгінгі күннің ата-анасы бар жиған-тергенін ауыздарынан жырып, балаларын оқытуға жұмсайды. Ал жастардың көп бөлігі экономист, заңгер болуды қалайды. Алайда кейін өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмыс таба алмай, әр жерде жеңіл жұмыс жасап, күн көреді. Сондықтан әсіресе, ер балалар техникалық мамандықтарды игеріп, өз бетімен жаңа технологияларды үйреніп, жаңашылдыққа бой ұсынғандары жөн деп ойлаймын. Әр адам өз қарым-қабілеті мен мүмкіндігіне қарай оқып, еңбек етсе, соғұрлым жақсы нәтижелер мен жеңіске қол жеткізеді, — дейді ол.

Өз ісіне шын берілген маманның еңбексүйгіштігін жоғары бағалайтын Придорожный бау-бақша ұжымының тұрғындары оны: «Шебер болса, Бақтиярдай болсын!» деп мақтап отырады. Ақтөбе өңірі энергетикасының дамуы мен қала көшелерінің жарықтануына ерекше үлесін қосып, оларды жетілдіру және жаңғырту шараларына бар ынта-ықыласымен атсалысып жүрген оның алға қойған мақсаттары мен жоспарлары көп.

— Алдағы уақытта өзім тұратын ауданның көшелерін жарықтандырып, сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнекамералар орнатсам деймін. Әзірге біздің бау-бақша ұжымындағы көшелерге ресми статус берілген жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан ешқандай көмек болмай тұр. Дегенмен келешекте жолдар жаңарып, тұрғындардың жағдайы жақсарады деп сенемін, — дейді Б. Бердиев.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket