Назарбаев ұсынған партиялық транзиттің бес қағидаты және жеті құндылығы

459

Нұрсұлтан Назарбаев президенттік биліктен бас тартар кезде саяси жүйедегі өз ықпалын кезең кезеңмен босатуды терең жоспарлаған болса керек. Бүгін  жетекші «NurOtan» партиясы кеңейтілген саяси кеңесіндегі партия төрағасының жариялаған сөзін оқи отырып осындай ойға келдім.

Ең бірінші елең еткізген жаңалық әрине, партиядағы төрағалықты Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізу туралы шешім. Бұл шешім партияның саяси жүйедегі алатын орнын ескере отырып, саяси транзиттің маңызды қадамы деп бағалауға болады. Партия төрағасының бұл шешімін көпшілік дәл қазір күтпесе керек. Дегенмен бұл шешім партиялық жаңғыруға одан әрі батыл жүргізуге жасалған қадам деп бағалауға болады.

Елбасы бүгінде «Nur Otan» - еліміздің басты саяси күші екенін тағы еске салды. «Халықаралық тәжірибе қуатты мемлекет пен дамыған азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін елдің алға қарай тұрақты қозғалысының 40-50 жылы қажет екенін айғақтайды. Бұл көптеген елдердегі билеуші саяси партиялардың ұзақ мерзімді көшбасшылығы, бұл сәттілік пен әлеуметтік-экономикалық өсудің шарты болды» деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің саяси жүйенің басты мақсаты - әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру. Бұл  жоспар «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген. Бұл мақсатқа жетудегі ерекше рөл «Nur Otan» - ға жүктелген.

Партияның қазіргі төрағасы партия өз жұмысында 5 негізгі принципті ұстануы керек екенін айтты:

1.Әрдайым уақытпен бірге жүру. Әлемге кірген өзгерістер дәуірі біздің қоғамда көрініс табады. Партия үнемі жаңарып отыруы, заманауи және ұтқыр болуы, өзгерістер аясында қалуы тиіс.

2.Әрқашан халықтың мүддесін ескеру.Халықтың нақты мәселелерін шеше отырып, партия бүкіл елдің дамуына ықпал ету.

3.Партия айқын мақсаттар мен оларға қол жеткізудің нақты жолдарын айтуы тиіс.Барлық айтылған жасалуы тиіс. Партия әрқашан сайлауалды уәделерін жүзеге асыруды қамтамасыз етуі керек.

4.Партия өзінің мақсаттарына жұмыла жұмылған және біртұтас командамен жетуге тиіс.

5.«Nur Otan» - қоғамды бүкіл халық үшін іргелі болып табылатын партия құндылықтарының айналасына топтастыру керек.

Назарбаев үшін біріктіруші идея - бұл Қазақстанның гүлденуі мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру.

Елбасы еліміздің өз тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырғанын ерекше айтып өтті:

Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық.
Сындарлы саясат жүргізіп, әлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптастырдық.
Ең бастысы бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елдігіміз қайта жаңғырды.
Әлем қартасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік.

Отыз жылда мүлдем жаңа буын қалыптасты. 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл халқымыздың жартысын құрайды. Жаңа ұрпақта мүлдем жаңа дүниетаным қалыптасуда. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ұрпақтың ең басты миссиясы – мемлекеттікті сақтау, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету.

Осы орайда Елбасы жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды:

Ең бірінші және басты құндылығымыз – Тәуелсіздікті сақтау. Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керекті туралы айтылады.

Екінші құндылық -бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Бүгінде бірлік пен этносаралық татулықты сақтау бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, татулық пен сыйластықты қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

Үшінші - Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Қазақ үшін жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған. 13 мыңнан астам шақырым шекараны бекіту оңай болмағанын білеміз. Жер ата-баба аманаты.

Төртінші тұғыр - отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Отанға деген сүйіспеншілік – өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады.

Бесінші құндылық - ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді.

Алтыншы - білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек.

Жетінші - прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.

Елбасы ұсынған партиялық 7 құндылық «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына негізделген деп айта аламыз. Бұл құндылықтар партиялықтарға ғана емес, әрбір қазақстандыққа түсінікті және жақын идеяларға негізделген - адам, бостандық, заңның үстемдігі, әділеттілік, ынтымақтастық, болашаққа ұмтылу, отбасы және дәстүрлер.

Бұл құндылықтар Елбасының айтуынша «Nur Otan» орталық платформасының және Қазақстанға 30 жылдық жолды күйзеліссіз өтуге мүмкіндік берген біздің мемлекеттік бағытының негізін құрайды. Осы құндылықтар ендігі келер отыз жылдықтарда қоғамға бағдар болатын ұстанымдар. Елдіктің жеті тұғыры отыз жылдық саяси тәжірибеден туындаған және айқындалған басымдықтарға негізделген. Сонымен бірге бұл тұғырлар әлемдік тәжірибедегі жаңа мемлекеттердің негізін қалаған Мұстафа Кемал, Джодж Вашингтон, Ли Куан Ю секілді тұлғалар мемлекетшілдік ұстанымдарына сәйкес келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2007 жылы шыққан «Қазақстан жолы» деген стратегиялық кітабының кіріспесінде «...Бұл жерде босаңдыққа салынуға әсте де болмайды, ең бастысы – алға үнемі ұмтылу. Тіпті, бейнелеп айтқанда чемпионның міндеті тек «алтынды» жеңіп алу ғана емес, сонымен бірге өзінің көшбасшылық қалпын ұстап тұра білуінде. Ал бұл өзіңнің алдыңа жаңа, күрделі және биік мақсаттар үнемі қойып отырғанда ғана мүмкін болмақ...» деп жазған болатын. Бүгінгі күнгі айтылған елдіктің тұғыры туралы ойлары - алдыңғы ұрпақ үшін аманат.

Елбасы өзінің көшбасшылық миссиясын сақтай отырып, саяси ықпалын кезең кезеңмен сеніп тапсыруы логикалық ойластырылған қадамдар деп ойлаймын. Барлығының терең жоспармен негізделген, өзіндік мәні бар әрекеттер. Президенттік транзит енді партиялық транзитке ұласты. Бұл партияның ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарына сәйкес келеді.

Тұңғыш президент алдағы 30 жыл – елдігімізді нығайтудың жаңа кезеңі болатына үлкен сеніммен қарайды.  Ол үшін әр азамат ұлтымыздың болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны толық сезіне білген кезде жүзеге асады деген оймен қорытындылайды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа замандастарының берген бағасы қанша дегенмен субъективті көрінетіні сөзсіз. Ел тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» немесе «Абылайдың ақ жолындай», «Назарбаев үлгісінің» өзінің тиісті бағасын алатыны сөзсіз. Тарих барлығына төреші.

Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы

Пікірлер
Редакция таңдауы