Қыста вирустан 500 мың адам көз жұмуы мүмкін

5196

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) аймақтық директоры Ханс Клюге ВВС-ге берген сұхбатында Еуропада қыста пандемияға қарсы қосымша шаралар қабылданбаса, 500 мың адам коронавирустық инфекциядан қайтыс болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оның айтуынша, бетперде режимін жақсырақ сақтау жағдайды жақсарта алады. Сонымен қатар, екпе науқанының қарқынын жеделдетіп, халықтың денсаулығын сақтаудың негізгі шараларын ұстанып, жаңа емдеу әдістерін енгізу қажет.

Клюге міндетті вакцинацияны соңғы шара ретінде қарастыру керектігін атап өтті.

- Еуропада коронавирустың таралуына суық мезгіл, вакцинацияның жеткіліксіз болуы, сондай-ақ неғұрлым жұқпалы дельта штаммының басым болуы ықпал етеді - деп атап өтті Клюге.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ол Еуропа халқының 95 пайызы бетперде киетін болса, бұл 188 мың адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін хабарлады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 21 қарашадағы жағдай бойынша Еуропада коронавирустық пандемия басталғаннан бері 82,69 миллион адамнан COVID-19 ауруы тіркелді. 1-7 қараша аралығындағы апта сайынғы өсу пандемияның бүкіл уақытындағы ең жоғары көрсеткіш болды - 201,8 мың жағдай.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы