Тұңғыш рет қалқанша безіндегі қатерлі ісік тіліксіз алынды

2137
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта тұңғыш рет қалқанша безіндегі қатерлі ісік тіліксіз алынды.

Ота жасалған 49 жастағы пациенттің қалқанша безінің үстінде ісік пайда болған. Жыл өткен сайын ісік үлкейе түсіп, науқастың жұтынуына, демалуына қиындық келтірген соң, дәрігерге жүгінген. Ота жасау барысында онкохирургтар қалқанша безіндегі ісікті эндовидеохирургиялық әдіспен алып тастады. Бұрындары аталмыш операциялар онкологиялық орталықта ашық әдіспен жасалынып келген.

Білікті мамандардың айтуы бойынша эндовидеохирургиялық әдіспен жасалынған операциялардың ашық операциялардан көптеген артықшылықтары бар. Атап айтқанда, операциялардан кейінгі асқынулар өте сирек кездеседі, науқастарда ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектерге мұқтаждық болмайды.

Ең бастысы мұндай ота тіліксіз жасалынғандықтан науқастың мойнында тыртық қалмайды. Аталған операцияның Онкологиялық орталықта күнделікті тәжірибеге енуіне ат салысқаны үшін «Sofie Med» клиникасының хирург дәрігері Мұхамеджан Нұрғазиевқа орталық әкімшілігі алғысын білдіреді.

Алдағы уақытта орталық дәрігерлері мұндай операциялардың үлесін арттыруға ниетті. Ал ота жасатқан науқастың жағдайы жақсы. Пациентті дәрігерлер бір-екі күнде ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Пікірлер