Жеті боксшымыз жартылай финалда

41

Бұл күндері Мәскеуде әскерилер арасында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жаһандық жарыстың жартылай финалына 7 бірдей қазақ боксшы жолдама алды.

49 келіде ел намысын қорғаған Теміртас Жүсіпов ширек финалда кениялық боксшыны жеңіп, жартылай финалға өтті. Енді Теміртас шаршы алаң иесі ресейлік Володя Мнацаканянмен қолғап түйістіреді. 52 келі салмақтағы Дамир Әбдіқадір Шри-Ланка боксшысын жеңді. Ол жартылай финалда Ирландия боксшысы Шон Иман Маримен ақтық сын жолдамасына таласады.
56 келідегі Рүстем Шауменовтің де жолына үмітпен қараймыз.

Ол да шаршы алаң иесі Овик Оганесянмен жұдырықтасады. Айта кетейік, Рүстем ширек финалда италиялық боксшыны тізе бүктірген. Осы чемпионатта 64 келідегі боксшымыз Айтжан Әшірханның боксына сүйсінген жанкүйерлер мен сарапшылар көп болды. Ширек финалда сириялық боксшыны жолда қалдырған Айтжан енді Өзбекстанның былғары қолғап шеберімен айқасып көрмек. Әуесқой бокста «қазақтың салмағы» атанған 69 келідегі боксшымыз, өкінішке қарай, ширек финалға да жете алмай сүрінді.

Есесіне бұл салмақтағы аруымыз намысты қолдан бермей келеді. Жасмин Қызатова жартылай финалда бразилиялық бойжеткен Барбара Мария дос Сантоспен жұдырықтасады. 75 келідегі Тимур Нұрсейітов Беларусь боксшысынан айласын асырса, 91 келідегі Абзал Құттыбеков Люксембург боксшысын қиналмай жеңді. Тимур мен Абзалдың жартылай финалдағы қарсыластары франциялықтар. Ширек финалға шыққан боксшыларымыздың ішінде тек Азамат Бақытов қана жартылай финалға өте алмады.

Оңтүстік.кз

Пікірлер
Редакция таңдауы