Жамбыл атындағы филармония ұжымы көпшілікті өнерімен тәнті етті

120

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауымен "Түркістан сарайында" Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі және «TURAN» фольклорлы-этнографиялық тобымен бірге «FOLK & SYMPHONY» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Жамбыл атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиевтің айтуынша, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі 1958 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрамына енгізілген.
-Ұзақ жылғы шығармашылық жолында ұжымды көптеген атақты музыканттар басқарды. Қазір оркестрге талантты жас дирижер Қанат Омаров жетекшілік етеді. Қазақ композиторларының жаңа туындыларын насихаттауда симфониялық оркестрдің рөлі зор, және олармен шығармашылық достығы бұрыннан келе жатқан дәстүрлерге ие. Ал "Түркістан сарайында" қойылған концерт бұл қазақ ән өнеріндегі фольклорлық туындылар мен симфониялық оркестр шығармаларының өзара синтезі, - деді ол.

«TURAN»фольклорлы-этнографиялық ансамблі 2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қабырғасында құрылған. «Тұран» – қазақ халқының көнеден келе жатқан төл музыкалық өнерін қазіргі заман ұрпағының талғам-таным таразысымен қайта жаңғыртуды мақсат тұтқан ұлттық этно-фольклорлық топ. Топ – ұлттық көне аспаптардың үнін қайта тірілтуді, жаңа үндестік пен әдіс-тәсілдерді тауып қолданысқа енгізуді көздейді. Отыздан астам қазақ халқының ұлттық аспаптары болса, музыканттардың әрқайсысы солардың бірнешеуінде ойнауды меңгерген. Солардың ішінде, сыбызғы, сазсырнай, домбыра, үш ішекті домбыра, жетіген, бас жетіген, қылқобыз, нарқобыз, шаңқобыз, шертер, шіңкілдек, ұрмалы, шулы-сылдырлы аспаптар, сонымен қатар түркі әлеміне ортақ көмеймен қайлау ән айту өнері және тағы басқалар бар.

Сондай-ақ бағдарламада қазақ композиторлары мен ансамбльдің авторлық шығармалары орындалды.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы