Шымкенттіктер әлем чемпионатынан оралған жеңімпаз боксшыны қарсы алды

226

Шымкент халықаралық әуежайында Сербияда өткен бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханды зор құрметпен қарсы алды.

Былғары қолғап шеберін күтіп алуға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков пен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, спортшының ата-анасы, туыстары мен бапкерлері, жанкүйерлері жиналды.

– Әлем чемпионатынан күміспен оралсам да, үлкен құрметпен күтіп алған, тілеулес болған барша жанкүйерге рахмет. Бұл әлем біріншілігіне әу баста алтын аламын деп барғанмын. Күміс медаль бұйырды, оған да тәуба. Финалға дейін 4 жекпе-жек өткіздім. Барлығында басымдық таныттым. Ал ақтық сындағы жапон боксшысына қай жағынан есе жібергенімді білмеймін. Бірақ үстем болды. Әрине, бұл жарыс маған үлкен тәжірибе сыйлады. Бұл бастамасы ғана. Алда талай дүбірлі сын күтіп тұр. Алдағы жылы Азия ойындары өтеді. Көп ұзамай Ташкентте лицензиялық әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Сол бәсекелерге дайындалып, осы жолы кеткен есені қайтарамыз, - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Белградтағы әлем чемпионатында бес жүлдеге ие болды. Құрама сапында Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Сәкен Бибосынов алтын, Махмұд Сабырхан (54 келі) мен Серік Теміржанов (57 келі) күміс медаль еншіледі. Ал ұлттық құрама капитаны, 67 келідегі Абылайхан Жүсіпов қола медальға қол жеткізді. Жалпы командалық есепте Куба топ жарды. «Бостаңдық аралының» өкілдері 3 алтын, 2 қола медальға қол жеткізді. Екінші орынға Қазақстан орналасса, үздік үштікті АҚШ құрамасы қорытындылады. Олардың еншісінде 2 алтын, 2 күміс медаль бар.

Азамат ЖАППАР
Фото Серік ҚОСАЕВ
ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ

Пікірлер
Редакция таңдауы