Әлімхан Ермековтің Қазақстан ұлттық-территориялық шекарасын анықтаудағы рөлі

473

1917 жылдың желтоқсан айында Орынборда Алаш Орда автономиясы жарияланғанда, қаралған ең маңызды мәселе оның ұлттық-территориялық шеңберін анықтап алу екендігі белгілі болды.

Қазақстан жері жасанды түрде бірнеше бөлікке бөлінген болатын. Торғай, Орал, Ақмола, Семей Далалық өлкеге (орталығы - Омск) қарайтын. Бөкей Ордасы Ресейдің Астрахань губерниясына, Сырдария мен Жетісу, Түркістан өлкесіне(орталығы - Ташкент), қазақтардың біршама бөлігі тарыдай шашырап Ферғана, Самарқанд, Закаспий облыстарына қарайтын жерлерде орналасқан.

Халел Ғаббасовтың автономия туралы баяндамасын тыңдай келіп, жалпы қазақтардың IIсъезі, қазақтардың ұлттық-территориялық автономиясын құру қажет деп шешім қабылдайды.

Съезд Алаш ұлттық Автономиясы Бөкей Ордасын, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарын, Ферғана, Самарқанд облыстары мен Әмудария аумағын, Закаспий облысының қазақтар мекендеген жерлерін біріктіріп, ең батыл мәлімдеме жасағаны белгілі.

Алаш Орда (Халық кеңесі) үкіметінің, оның басшысы Ә. Бөкейхановтың арнайы тапсырмасын орындау мақсатында, Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілері Халел және  Жаһанша Досмұхамедовтер, Халел Ғаббасов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Мәскеуді Кеңес үкіметінің басшылары В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен ұлттық автономияны мойындау және ұлттық- территория шекарасын белгілеу жөнінде келіссөздер жүргізеді.

Бірақ, Кеңес үкіметі басшылары тек кеңестік үлгідегі автономия беретінін жариялап, ұлттық Алаш автономиясын мойындамайтынын айтады.

Алаш Орда үкіметінің жетекшілері тарапынан кейіннен де қазақтардың ұлттық-территориялық шекарасын нақтылау төңірегенде дипломатиялық қадамдар жүргізіле берді.

Айрықша осындай жұмысты атқару, қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі, еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен  «Алаш» қозғалысының басшыларының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтардан шыққан алғашқы профессор-математик, ғалым, ұстаз Әлімхан Ермековке тапсырылғанын анықтадық.

Қырғыз(қазақ) революциялық комитеттің (Кирревком) 18-мамырдағы қаулысы бойынша жаңадан құрылмақшы Қазақ АКСР-нің жалпы жағдайы және шекара мәселесі жөнінде баяндама жасау үшін арнайы мандатпен, небәрі 29 жастағы Әлімхан Ермеков Мәскеуге аттанады. Мәскеудегі жұмыс сапарында онымен бірге жоғарыда аталған, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері де болады.

Осы сапарында Әлімхан Ермеков Кирревком мүшесі, әрі коллегия төрағасы болып сайланады.

В.И.Лениннің төрағалығымен өткен бүкіл Ресейлік атқару комитетімен Халық комиссарлар кеңесінің біріккен отырысында (17 тамызда), болашақ Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Автономияны құру және оның шекарасын белгілеу туралы негізгі баяндаманы Ә.Ермеков баяндауға тиіс болды.

Ә.Ермеков өз баяндамасында шекараны анықтауда үлкен маңызы бар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталады. Қазақстанның шекарасын анықтауда өз ұсыныстарын жасайды.

Ақмола, Семей облыстарының Сібірревком қарамағынан алынып, Қазақстанда қосылуы оңайға түскен жоқ. Сібірревкомының барлық дерлік мүшелері бұл мәселеге қарсы шығады. В.И.Ленин Сібір шовинисттерінің бұл әрекетін: «Поскреби иного коммуниста обнаружишь шовинста» деп сипаттағанынан біздер хабардармыз.

Сөйтіп, Әлімхан Ермеков Қазақстанның саяси тарихы беттерінде өзінің жарқын бейнесін мәңгілікке қалдырып үлгерді. Оның тікелей қатысумен қазақ жерінің тұтастығын сақтау, шекарасын анықтау сияқты ең маңызды жұмыстар жүргізілді.

                                     Райжан  Сейіткерей

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті

                             Ғылыми жетекшісі:

т.ғ.к., профессор Қыздарбеков Б.К.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Қыздарбеков Бірлік. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы ( Кеңес дәуірі: 1917-1991 жж) Оқулық. Қарағанды. 2019. -72 бет.
2. Қанат Өскембаев. Алаштың Әлімханы. Астана 2011ж.
3. Жұмасұлтанов Ә. Әлекең туралы есте қалғандар//Орталық Қазақстан, 1991 ж. 17-18 қазан.
4. Әлімхан Ермеков: «Мен Ленинмен неге сөз жарыстырдым?». Егемен Қазақстан 2000. 31 мамыр.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар