Атырауда жер үйден өрт шықты: Зардап шеккендердің хәлі мүшкіл

1002

Атырауда жер үйдің жылыту қазандығы жарылып, үш студент өлім аузынан қалды. Апаттан зардап шеккен 19 жастағы екі жігіттің хәлі мүшкіл. Денесінің 95 пайызын күйік шалған. 22 жастағы бойжеткеннің де жағдайы нашар. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жойқын жарылыстан баспананың түгі қалмай жанып кеткен. Тек төрт қабырғасы қалған. Үш студентті қызыл жалыннан көршілері құтқарып қалған.

«Балауса» ықшамауданы тұрғындарының түн тыныштығын гүрс еткен дауыс бұзды. Жер үйлердің бірінде жылыту қазандығы жарылып, баспана өртке оранған. Оқиға орнына жиналған жұрт өртеніп жатқан үйдің ішіндегі студенттерді құтқарып қалған.

Түнгі сағат бір шамасында жылыту қазандығы гүрс етіп жарылған. Жойқын жарылыстың дыбысын естігендердің айтуынша, үйдің төбесі бірден көкке ұшыпты.

Зәре-құты қалмаған көрші жігіттер қаумалап жүріп жалын құшағында қалған үш студентті сыртқа шығарып алған. Кейін тағы да кішігірім жарылыс болған. Жарты сағат өтіп өрт күшейген кезде төтеншеліктер келіп, қызыл жалынды сөндірген. Үйдің 120 шаршы метрі түгі қалмай жанып кеткен. Түн ортасында өртті сөндіруге 16 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылыпты. Үш студент көрші-қолаңның арқасында тірі қалған.

Атырау қаласының тұрғыны Есенқос Қойшыбаев:

«Төсенішті көршілер бердік. Көрпелерді сулап әкелдік. Соған салып жатқыздық.  Жарты сағат, 45 минут дегенде бірінші жедел жәрдем келді. Содан кейін екіншісі келді. Үшінші тағы келді. Олар да күйген адамдарды бір-бірлеп алып кетті. Жарты сағаттан кейін өрт сөндіру қызметі келе бастады», – дейді.

Күлге айналған шаңырақтың иесі Алматыда тұрады. Бос тұрған үйді уақытша туыстарына табыстап кеткен.

Атырау қаласының тұрғыны Өмірлан Тастанов:

«Жездемнің үйі. Бұл жағдайды таңертең естідік. Олар Алматыға көшіп кеткен. Бұл үй иесіз қалмасын деп жатқызып тұр ғой», – дейді.

Дәрігерлердің айтуынша, жылу қазандығы жарылған кезде зардап шеккен 2002 жылғы екі бозбаланың жағдайы өте ауыр. Ал 22 жастағы қыз баланың денсаулығы біршама тәуір.

Атырау облыы ауруханасының бөлім меңгерушісі Бекен Құлниязов:

«1999 жылғы қыз бала жарақат бөлімінде жатыр. Денесінің 35 пайызын күйік шалған. Бірінші, екінші дәрежеде. Ол кісінің жағдайы қалыпты ауыр жағдайда», – деді.

Жарылыстың себебі анықталып жатыр.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар