Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасында болған жаппай төбелес әлеуметтік желіге тарап кетті. Қазақ пен ұйғыр ұлты арасында жиі болып тұратын "төбелес" неден шықты? Оқиғаға байланысты ресми тұлғалар жауап берді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Полиция ақпаратына сүйенсек, 27 қазанда Панфилов ауданындағы орталық ауруханаға дене жарақатымен 16 жастағы оқушы жеткізілген. Тексеріс кезінде 9, 10, 11-сынып оқушылары арасында ерегіс басталып, 20 шақты жас төбелескені анықталды. Оның ішінде екі адам зардап шеккен.
Бас дәрігердің орынбасары Ержан Қожахметовтің айтуынша, 2005 жылы туған жасөспірім Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханаға түскен. Ол мидың ауыр жарақатын алған, оған екінші не үшінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған.
Осы оқиғадан кейін Пенжім ауылына жеткен бір топ билік өкілі жергілікті тұрғындармен жиналыс өткізді. Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев бастаған әкім-қаралар жиналған жұрттың пікірін тыңдап, басу айту үшін ертіп келген қоғам қайраткерлері мен ақындарға да сөз берілді.
Т.Өмірәлиевтің айтуынша, бұдан астар іздеудің қажеті жоқ, бұл – жай ғана бұзақылық әрекет.
"Розыбақиев атындағы мектепте балалар төбелесіп, бір бала жарақат алды. Ол баланың жағдайын көріп шықтым. Түнде ота жасалыпты. Басындағы гематоманы алып тастады. Бұл жерде ешқандай ұлттық мәселе жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы штаб құрылды. Бұл жағдайдың болуына не алып келді? Бәрін тексереміз. Ауылдың азаматтарын жинап, пікірін біліп жатырмыз", – деді ол.
Ал ауыл азаматы Аутжан Хамраев елді мекендегі барлық ұлт өкілдері бүгінге дейін тату-тәтті тұрып жатқанын, алдағы уақытта өзара ауызбіршілікті сақтауда бірлесіп еңбек етіп, балаларды сабырға, өзара достыққа шақыруға үндеді.
"Кеше болған оқиғаны кейбір адамдар басқа жағынан әлеуметтік желіде көрсетіп жатыр. Тіпті, кездейсоқ өрттің өзі кешегі оқиғаның салдары сияқты көрсетілді. Бірақ бұл олай емес, мұны бәріңіз білесіздер. Жастар, бір-біріңді құрметтеңдер. Біз бір жерден, бір елденміз. Біз — үлкен отбасымыз", — деді ауыл тұрғыны.
"Адырна" ұлттық порталы