Маңғыстау облысында "Нұр капитал" бағдарламасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады

2585
Adyrna.kz Telegram

Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысында бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік және өңірлік бағдарламасын іске асыру аясында жобаларды қарау жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссия отырысында "Нұр капитал" бағдарламасы аясында 1% несиемен қаржыландырылатын 4 жоба қаралды.

Бірінші жобада кәсіпкер Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылынан жылыжай салып, 500 тонна қияр, 500 тонна қызанақ өсіруді жоспарлап отыр. Жоба облыс тұрғындарының қызанаққа 10,4% және қиярға 8,2% қажеттілігін өтеуге әсер етеді.

Екінші жобада Қарақия ауданының кәсіпкері жол бойында жолаушыларға жайлы қызмет көрсету мақсатында хостел салуды көздейді. Жоба бойынша хостелдің жалпы аумағы 400 шаршы метр.

Үшінші жобада Мұнайлы ауданының тұрғыны жеке шаруа қожалығында ірі қара мал бордақылау арқылы ет өнімдерін өндіру үшін жеңілдетілген несие сұрады. Кәсіпкер 40 бас сиыр мен 40 бас жылқы сатып алып, семіртіп нарықтағыдан төмен бағамен ет сатуды жоспарлап отыр.

Төртінші жобада жеке кәсіпкер комиссия мүшелеріне Жаңаөзен қаласынан «Репетиторлық орталық ашу» жобасын ұсынды. Орталық алғаш ашылған кезде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Комиссия мүшелерінің шешімімен 4 жоба да мақұлданды.

Айта кетсек, "Нұр Капитал" өңірлік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу үшін кәсіпкер екінші деңгейлі банктен 8,5% - бен несие алады, оның 7,5% - ын мемлекет "Каспий "ӘКК" АҚ арқылы субсидиялайды. Нәтижесінде кәсіпкер несие бойынша пайыздық мөлшерлемені 1%-бен төлейді. Несие мөлшерң — 30 млн теңге. Субсидиялау мерзімі — 5 жылға дейін.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер