Ердоған 10 елдің елшісін елден қуды

4504
Adyrna.kz Telegram

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің сыртқы істер министріне 10 мемлекеттің елшісін "персона нон грата" деп жариялауды тапсырды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Daily Sabah басылымының жазуынша, Түркиядан мына елдердің елшілері шығарылмақ: АҚШ, Канада, Франция, Финляндия, Дания, Германия, Нидерланды, Жаңа Зеланди, Норвегия, Швеция.

"Мен біздің елдің сыртқы істер министріне дереу шара қолдану керектігін айттым. Яғни аталмыш 10 елшіні "персона нон грата" деп жариялауды тапсырдым", - деді Түркия президенті Эскишехир қаласында сөйлеген сөзінде.

Басылымның мәліметінше, Ердоғанның мұндай шешім қабылдауына 18 қазан күні дипломаттардың құқық қорғаушы Осман Кавалды босату жайлы мәлімдемесі себеп болған. Осыдан кейін барлық елшілер Түркияның Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оларға Консулдық қатынастар туралы Вена Конвенциясын сақтау қажеттігі ескертілген.

Айта кетейік, Осман Кавал құқық қорғаушы әрі этникалық және діни азшылық топтарын қолдайтын Anadolu Kültür AŞ мәдени қорының негізін салушы. Ол 2013 жылы Стамбулдың Гези саябағындағы наразылық шеруіне (үкіметті биліктен кетіруге талпыну әрекеті-ред.) қатысты іс бойынша айыпталып, 2020 жылдың ақпан айында ақталып шыққан еді.

Алайда Стамбул прокуратурасы сол күні оны қайта қамауға алуға ордер берген. Бұл жолы Осман Кавал 2016 жылы елде мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысты деп айыпталған. Содан бері ол қамауда отыр.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер