Сайрам көмекші мектеп-интернатына «Колледж» мәртебесі берілді

570

Шымкент қаласы Қаратау ауданында орналасқан ерекше оқытуды қажет ететін балаларға арналған білім ұясы жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастады. Сондай-ақ, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қаулысы негізінде, Сайрам көмекші мектеп-интернатына колледж мәртебесі берілді. Қос бірдей қуанышқа кенелген білім ошағының жай-күйімен әріптесім танысып қайтты.

2018 жылы мекеме ұстаздары мен тәрбиеленушілері еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа балалардың өз қолдарымен жасаған  қолөнер бұйымдары  мен    ізгі-тілектері жазылған  хат жолдаған. Осылайша, Елбасы назарына іліккен білім ұясының құрылысы, «Nur Otan»партиясының дамукартасына енгізілген. Нәтижесінде, ғасыр көрген мектеп ғимараты толықтай жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

Жадыра Таңатарова - «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» КММ-нің директоры

Жаңа мектеп ғимаратында балалар үшін барлық жағдай жасалған. Логопедия, коррекция, лфк сынды негізгі пәндерді оқытуға арналған арнайы кабинеттер мен акт залы, спорт залы және шеберлік сыныптары толықтай қажетті дүниелермен жабдықталған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы мектеп-интернатқа «колледж» мәртебесі беріліп, ұжым қос қуанышты қатар тойлауда.

Жадыра Таңатарова - «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» КММ-нің директоры

Мамандар Елбасы ықпалы, «Нұр Отан» партиясы мен қала әкімінің қолдауының арқасында  мұндағы балалар өздеріне керекті білімді жоғарғы дәрежеде алатынына сенімді. Негізгі мақсат - ерекше оқытуды қажет ететін балалардың психофизикалық кемшіліктерін түзету, олардың функционалдық сауаттылығын арттыру, еңбекке баулу және қоғамдық өмірге қалыптастыру екендігін естен шығармайды.

 

Перизат Ортай                        

Пікірлер
Редакция таңдауы