Шымкентте нысана көздеуден Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті

1602
Adyrna.kz Telegram

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласында нысана көздеуден ересектер мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтеді. 10-20 қыркүйек аралығына жоспарланған құрлықтық турнир Азия ату конфедерациясы мен Қазақстан спорттық ату федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. "Shymkent Shooting Plaza" ату кешенінде XIV Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Азия ату конфедерациясының президенті шейх Салман Әл-Сабах қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Азия чемпионатына 11 мемлекеттен 160 спортшы қатысуда. Атап айтар болсақ, Шымкент төрінде Бахрейн, Индонезия, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Пәкістан, Катар, Таиланд, БАӘ, Өзбекстаннан, жалпы 120-дан астам спортшы сынға түседі.

Мұрат Әйтенов - Шымкент қаласының әкімі

Дүбірлі жарыс өтіп жатқан "Shymkent Shooting Plaza" - Азия өңіріндегі ең ірі ату кешендерінің бірі. Жарысқа қатысушы спортшылар, жаттықтырушылар және төрешілер ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі туралы анықтама берді, ресми делегация, спортшылар мен қатысушылар әр 3 күн сайын COVID-19-ға ПТР тестін тапсырады. Турнир спорт нысанындағы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Аталған іс-шараны ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігі,  ҚР Ұлттық Олимпиада Комитеті және Шымкент қаласының әкімдігі қолдау көрсетті.

Асхат Тоқмұқов – Қырғызстандық  мерген  /Аударма/

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: ЕЛ ҚОРЖЫНЫНДА – БІР АЛТЫН, БІР КҮМІС ЖҮЛДЕ

Шымкент қаласында нысана көздеуден Азия біріншілігі басталды. Алғашқы жарыс күнінде Қазақстан командасы бір алтын, бір күміс жүлде жеңіп алды. Ересектер арасында 10 метрге пневматикалық тапаншамен ату жаттығуында отандасымыз Эльдар Иманқұлов жеңіске жетті. Оның еншісінде – 235.1 ұпай. Екінші орында Сауд Арабиясының өкілі Софар Мохамммад Алдосари, үшінші орында таиландтық Ноппадон Сутвирух. Жастар арасында тапаншамен 10 метрге нысана көздеуден тағы бір қазақстандық Ярослав Махнев күміс жүлдеге ие болды. Бұл бәсекеде алтын жүлдені өзбекстандық Умидбек Камалбеков, қоланы тағы бір өзбек мергені Мұхаммад Камалов еншіледі. Ал жасөспірім арасында өзбекстандық Илхомбек Обиджонов жеңімпаз атанды. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы әзірге 1 алтын, 1 күміс жүлде иеленді. Айта кетелік, нысана көздеуден Азия чемпионаты осымен 14-ші рет ұйымдастырылып отыр. Құрлық додасы 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

Ә. Дәулетбекқызы

Пікірлер