10 қазан – дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туған күні. Ол қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келді. Ақынның әдеби мол мұрасын поэмалар мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды.
Назарларыңызға қазақтың дарынды ұлының туындыларын ұсынамыз.
«СҮЙДІМ» ДЕДІҢ
«Сүйдiм» дедiң, бiлегiңнен ұстадым,
Бiрақ сенi «сүй» деп зорлап қыспадым;
Адамшылық жүрегiңмен, еркiңмен
«Сүйдiм» деп сен, бiлемiсiң құшқаның?
«Сүйдiм» дедiң, қара көзiң жаудырап,
«Сүйдiм» дедiң, ақша жүзiң балбырап.
«Сүйдiм» дедiң, ауызыңнан бердiң бал,
«Сүйдiм» дедiң, ақ төсiңде аймалап.
«Сүйдiм» дедiң, жер еркесi жел бiлдi,
Қошеметтеп көкте жұлдыз, Ай күлдi.
Табиғаттың құшағында серттескен
Қайтiп қана ұмытарсың сол күндi.
«Сүйдiм» дедiң, бал тiлiңнен сүйдiрдiң,
«Сүйдiм» дедiң, сүйсiндiрдiң, күлдiрдiң:
Ендi бүгiн жүрегiме шоқ басып,
Неге менiң жас жанымды күйдiрдiң?
Ойлашы өзiң, осың дұрыс қылық па,
Ойлашы өзiң, осың адамшылық па,
Айтқан сөзден, берген серттен тайғаның,
Мағынасыз тауып сылтау сынаққа?
«Сүйдiм» дедiң... «сүйдiм» дедiм... ып-ырыс...
Бiр өзiңе ауғаны хақ ықылас;
Өлтiрсең де бал орнына у берiп,
«Сүйдiң»... «Сүйдiм»... мәңгiлiкке ұмытылмас.
* * *
Ғашық едiм, қайтейiн,
Кеттiң аулақ алыстап.
Айтып-айтпай не дейiн,
Жоқ қой ендi табыспақ.
Жүрекке арман орнады,
Қосыла алмай, көп жылап.
Тiлегенiм болмады,
Сол батады-ау жалғыз-ақ.
Қайда жүрсең, аман бол,
Өмiрiңдi тiлеймiн,
Сенен басқа, сертiм сол,
Ешбiр жанды сүймеймiн.
Ашу, ыза аралас
Ренжiткен болсам сенi егер,
Өкпелеме, жарамас,
Бар кiнәмдi кеше гөр.
Ғашық едiм, қайтейiн,
Оны бiлер жан қайда?
Арманда боп өтейiн,
Армансыз боп не пайда?
Жалғыз ғана тiлегiм:
Көкiрегiмнен кетсiн мұз,
Жылып қалсын жүрегiм,
Ақтық рет бiр сүйгiз.
АЙТШЫ, ЖАНЫМ
Айтшы, жаным, неге тайдың сертiңнен,
Айтшы, жаным, от шығарып бетiмнен.
Айтшы, жаным, бiлiп қана кетейiн,
Өлсем дағы сенiң салған дертiңнен!
Айтшы, жаным, неден көңiлiң қалдырдым,
Айтшы, жаным, не деп серттен тандырдым?
Айтшы, жаным, не жазыппын мен саған,
Неге мұнша жүрегiмдi жандырдың?
Айтшы, жаным, неге суыды жүрегiң?
Айтшы, жаным, талды ма әлде бiлегiң?
Айтшы, жаным, қысып, құшып сүйгенде,
Жанбады ма, болмады ма тiлегiң?
ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ
I
Өңiмде ме едi,
түсiмде ме едi,
Көрiп ем ғой бiр
армандай қызды.
Бiр нәзiк сәуле
күлiмдеп едi,
Сұрапыл соғыс
соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
тебiрендi теңiз,
Тулады толқын,
шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттiң
iшiнде жүрмiз,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!
II
Оқ тидi келiп,
қайратым кемiп,
Барамын сөнiп,
келмейдi өлгiм!
Тұрғандай сол қыз
жаныма келiп,
Талпына бердi
қайран жас көңiлiм!
Барамын сөнiп,
барамын сөнiп,
Жұтар ма менi
мына сұм соғыс?
Арманым бар ма,
өлсем бiр көрiп,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!
III
«Келмейдi өлгiм,
келмейдi өлгiм,
Қайратым қайда,
келшi осындайда»,–
Дедiм де тұрдым,
жүгiре бердiм,
Қолымда найза,
шағылып Айға.
Жеңдiк қой жауды,
арман не, құрбым,
Күркiреп күндей,
өттi ғой соғыс.
Айқайлап ән сап,
таба алмай жүрмiн,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!
АҚСӘУЛЕ
Бiр күй бар домбырамда тартылмаған,
Бiр сыр бар көңiлiмде айтылмаған.
Сен үшiн келдiм сақтап, сүйген сәуле,
Көзiңнен айналайын жалтылдаған!
Ақсәуле, аспанда Аймен таласасың,
Төгiлiп иығыңа қара шашың.
Жалт берiп құралай көз қарағанда,
Жанымның жайлауындай жарасасың.
Ақсәуле, арнадым мен арманымды,
Бұлбұлдай аялаған таңда гүлдi;
Көркiне еңбегi сай келiп тұрған,
Арман не, көргенiңде жан жарыңды!
«Адырна» ұлттық порталы