Ажалдың арты қайсы, алдында не?

5126
Adyrna.kz Telegram

(Смағұл Елубаевтің «Ажалға қарсы амал» әңгімесі негізінде жазылды)

  Адамды аңдып ажал жүр. Дәл осылай басталатын Смағұл Елубаевтің «Ажалға қарсы амал» шығармасы менің көңіліме бір терең ой ұялатты. Өлімнен кейінгі мәңгілік өмір шынымен бар ма екен? Пенде бақилық ғұмырды кешуге лайық болу үшін бұ дүниенің сынағына келе ме ? Дінсіздер ажал жайында не ойлайды? Осы секілді алуан түрлі сұрақтар ақыл-есімді түгел торлап алды.

  Кей адам ажалдың атынан қорқып, «қарызға» берілген өмірді лайық сүру үшін сәждеге бет қойып, тілін кәлимаға машықтайды. Жұмырбасты пенделердің енді бір тобы асығып ажал келгенше асықпай жалған дүниенің арзан қызығына бас қойып, әуел баста тізесін бүгіп қояды. Бұл екі тараптың қайсысы расында ажалдың «алапатынан» сескенетіні күмәнсіз. Сенетін адам – сабыршыл. Жазушы шығармасында мұсылмандық парыздарын үзбей өтеп, Аллаға түбегейлі мойынсұнған ақ басты ақсақалдардың ажалмен қауышуын сипаттайды, өзі бастан кешірген ширек ғасырлық оқиғаны оқырманға жолдайды. Жаны мұрнының ұшына келген пенденің тәні ауырсынып, қиындық құрсауына шырмалғанымен, расында, рухы мамыражай күй кешіп, тіршілік ғұмырынан бейтаныс бір тыныштық рахатына бөленеді дейді. Дегенмен де  о дүниені көзімен көріп келіп, өз аузымен сипаттап жатқан адамды әлі жолықтырмадық. Түпкі санада бір жылтыраған үміт шырағы жанғандай әсердемін. Е, ажал деген әдетте адамдар айтатын жантүршіктірерлік сезім емес-ау, мына дүниедегі соңғы үзілген дем арғы дүниедегі мәңгілік тыныстың бастамасы шығар деген пікірге жантая кетеміз. Өйткені аузына Алласы бар адам үшін өмір біздің дүниемен шектелмейді. Осы тұста автордың пікірімен қос қолдап келісе кетемін: бұ дүниеде иманды адам – бақилық ғұмырда бақытты. Діни адам соңғы демін қорқынышсыз, асқан сабырлықта үзіп, о дүниеге бостандық, тыныштық сезімімен аттанады.

  Жазушы шығармасында  Сократ ойшылдың пікірін дөп түсіріп қолданған: «Біздің рухымыз біз өмірге келместен бұрын бар болса, біз өмірден өткеннен кейін де болатыны хақ».

Яғни, ажал – аузын ашса жұтып қойып жол қылатын айдаҺар емес, тек пенде тіршілік ете алатын екі бірдей дүние арасындағы дәнекер, бұ дүниені о дүниемен жалғастырушы көпір. Ажал – сынақтан қайтқан адамзат балатын «нағыз» дүниеге жеткізер қысқа ғана жол. Жүрегінің түпкіріне дінді нық бекіткен, өлімнен кейінгі өмірге сенетін адам үшін ажал – қысқа кідіріс.

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты;

Айзада Оралбекова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты.

Пікірлер