Белгілі әнші Меруерт Түсіпбаева өзінің инстаграм парақшасында Әлібидің жағдайы туралы сөз қозғап, пост жазды. Ол жас жігіттің тағдырына алаңдап, бұл туралы Асхат Маемировпен сөйлескенін тілге тиек етті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Жаңа ғана Асхат Маемировпен сөйлестім…Әлібидің казіргі жағдайы туралы нағашы әпкесі Қырмызы ханым пост жазыпты… Асхат мырза ертең Астанаға @abzalkuspan келеді, сөйлесіп, ақылдасамыз деді. Қанша танымал адам бас қосып, әділдікке жете алмай қойдық….Ең соңғы рет “Евразия “ арнасынан Әлібиге арналған бағдарламаны бір көрсеткен соң, көзін құртқызды (қай докей екен…) ютубқа салғызбапты.Енді не істеуге болады?! Әлібиге айттым, ана жолы, шыдамды бол деп….Зорланған- қорланған адам жоқ!" — деді (әншінің жазбасын еш өзгеріссіз беріп отырмыз-ред.) М.Түсіпбаева.
Бұған дейін Меруерт Түсіпбаева оразадан соң арнайы барып, Әлібидің жағдайын өз көзімен көріп қайтқанын айтқан болатын. Жас жігіттің тағдырына бей-жай қарай алмаған әнші ол туралы өз парақшасына да жазды. Қазір де әнші талантты жастың жағдайына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Ал Әлібидің әпкесінің айтуынша, Ақтаудан Қызылордаға "көшірілген" Әлібиді жақында үш жігіт ұрып тастаған. Жағдайы жақсы емес.
— Ақтауда 15 күнге карантинге түскен уақытта үш жігіт жабылып, сабаған. Қызылордаға көшірген себебі түрме ғимараты апаттық жағдайда болған соң сотталғандарды әр өңірге бөлген. Сол кезде Әліби Қызылордаға жіберілген. Карантиннен шыққан соң ендігі жағдай мынау. Жігіттер ұрғанын біз кеш естідік. Әліби бұл жағдайды үйдегі Алдияр деген ініме айтыпты. Түрмеде отыр деп барлық адам таяқ жей бере ме? Әлібидің түк кінәсі жоқ. Қазір оның жағдайын біле алмай отырмыз, қорқып өмір сүріп жатырмыз. Ініміздің тағдыры жанымызды ауыртады, — дейді Әлібидің әпкесі інісін ойлап.
Айта кету керек, Әліби — белгілі актриса, "қазақтың Қыз Жібегі" атанған Меруерт Өтекешованың шәкірті. Меруерт Қаратайқызы шәкіртінің тағдырына алаңдап, Елбасының қабылдауына кіруге ұсыныс тастапты. Ендігі үміт — Елбасы мен қоғам жанашырларында.
"Адырна" ұлттық порталы.