Азық-түлік бағасы: кім бақылайды немесе 9,6 пайыз дегені рас па?

3812
Adyrna.kz Telegram

Жыл басынан бері елімізде азық-түлік бағасы қымбаттап кетті. Халық жалақының аздығын, ал азық-түліктің негізсіз қымбаттағанын айтып, зар қағуда. Мәселен, биыл Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында азық-түлік бағасы өзге өңірлерге қарағанда едәуір артқан. Бұл туралы  ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қатысқан Үкіметтің отырысында айтылды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы  "primeminister.kz-ке" сілтеме жасап.

Бүгін Үкімет басшысы Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндады.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,6% өсті. Өткен аптада бағаның 0,1 пайыздық тармаққа төмендегені байқалды. Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары тауарлардың азық-түлік тобының жалпы инфляцияға үлесін азайтты. Сонымен қатар ең көп өсім Батыс Қазақстан (0,3 п.т.) және Солтүстік Қазақстан (0,2 п.т.) облыстарында тіркелді.

Тауар өндірушілерден сауда желілеріне және тұрақтандыру қорына тауарлардың ағынын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын онлайн-өткізуді және сатып алуды қамтамасыз ететін B2B платформасын енгізді.

Аталған платформа тауар өндірушілер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арасында нарықтық ережелер бойынша онлайн-сауда-саттық жасауға мүмкіндік береді. Биржалық сауда қағидаты енгізілген, қатысушылар баға, сапа, жөнелту және жеткізу мерзімдері, төлем шарттары туралы келісе алады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны төмендету туралы 68 хабарлама, монополияға қарсы заңнама бұзушылықтарын жою туралы 20 ұйғарым шығарды, 8 тергеу тағайындады, монополияға қарсы комплаенстің 88 актісін жасады.

Нұр-Сұлтан қаласында, Қостанай, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында ӘМАТ-қа шекті сауда үстемесін асырған 35 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды. Алматы қаласының, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне ӘМАТ-қа сауда үстемесін арттыру фактілеріне жедел ден қою шараларын қабылдау қажет екені атап өтілді.

Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне сауда желілері мен отандық тауар өндірушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуды қамтамасыз етуді, «айналым» схемасын қаржыландыруды және тұрақтандыру қорларына азық-түлік сатып алуды ұлғайту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру бойынша жүйелі жұмыс жүргізудің және жалпы Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенін тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер