Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірге келгеніне — 90, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың дүние есігін ашқанына 175 жыл. Осыған байланысты, киелі Жетісу өңірінде облыстық, республикалық, халақаралық деңгейдегі түрлі мерейтойлық іс-шаралар қолға алынуда.
Талдықорғанда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен түрік тілінде жарық көрген Жамбыл Жабаевтың тағы бір жаңа кітабының тұсауы кесілді.
Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы ұйымдастырған салтанатты шараға «ТҮРКСОЙ» ұйымының арнайы өкілі Бақытжан Омар, қаржы бөлімінің басшысы Санжар Мехмет, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов, профессор Нұрдәулет Ақыш, Анарбай Бұлдыбаев, Жамбылтанушы Темірхан Тебегенов сынды танымал дарын иелері мен жергілікті қаламгерлер қатысты.
Жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жүргізді. Басқосуда алғашқы болып сөз алған Бақытжан Омаров:
— Жамбыл Жабаев еліне жырымен жігер сыйлаған қазақ поэзиясының алыбы. Ол өзі өмір сүрген кезеңді өлеңмен суреттеген ақын. Одақтас мемлекеттер арасында оның ақындық абыройы асқақ. Егемендік алғаннан кейін де жамбылтану бағыты қарқын алып, түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Ақынның ұстазы Сүйінбайдың 200 жылдығы Түркия мемлекетінде айрықша аталып өтіліп, бір саябаққа оның есімі берілсе, ондағы бір көше Жамбыл бабамыздың есімімен аталды. Абай атамыз: «бес нәрсеге асық бол» деп ұлтымызды 5 ұлы нәрсеге шақырса, Жамбыл атамыз да: «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт», – деп баршамызға бес құндылықты ұсынды. Шынында да осы бес қасиет, яғни, адамдық, ерлік, батырлық, бірлік пен татулық қазақ үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесі үшін ауадай қажет, – деді.
Осыдан соң ол түркі мәдениеті ұйымының жұмысына кеңінен тоқталып, бүгінгідей шараның өтуіне ықпал еткен облыс әкімі Амандық Баталовқа халықаралық ұйым атынан айырықша алғысын жеткізді.
Жиында жеке-жеке сөз сөйлеген зиялы қауым өкілдері Жамбылдың шығармашылығы мен ерен еңбектері жайында құнды ой пікірлерімен бөлісіп, жаңа кітаптың тұсауын кесті. Осы орайда Ұлықбек Оразбайұлы ұлт жанашыры Дүйсен Қасейінов басқаратын «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының атқарып жатқан істерін жоғары бағалады. Әрі ұйымның түркі халықтарына ортақ құндылықтарды жан-жақты насихаттап, бауырлас елдердің мәдениеті мен руханиятын көтеретін елеулі еңбектерін ерекше атап өтті.
Одақ төрағасының айтуынша, биылғы қазан айының соңына дейін жыр алыбының мерейтойына арналған «Жамбыл әлемі» атты тағы 30 томдық жинақ баспадан шықпақ. Ол кітаптарға Жамбыл Жабаевтың шығармалары мен қатар түрлі зерттеулер, ақынның ұстаздары мен шәкірттерінің және замандастарының тың туындылары енгізілген.
Айдын Кәлімхан