Әр жеңімпазға 1 000 000 теңге: «Nur Otan» партиясы шығармашылық байқау жариялады

1225

«Nur Otan» партиясы ақын-жазушылар, драматургтер мен сценаристер арасында өтетін «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының басталғаны туралы хабарлайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздар «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Көркем фильм мен телесериал сценарийі» және «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша анықталады. Әр номинация жеңімпазы 1 000 000 теңгеге ие болса, екінші орынға 750 000 теңге жүлде қоры қарастырылған. Үшінші орын иегеріне 500 000 теңге ұсынылады.

«Бұл байқаудың мақсаты – Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында еліміздің жеткен жетістіктерін, мемлекеттілік іргесінің бекуіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген табыстарды және қоғамды рухани жаңғыртудың идеялары мен құндылығын көрсететін қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау болып отыр», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, байқауға 18-ден 40 жасқа дейінгі ақын-жазушылар, драматургтер мен сценаристер қатысуға құқылы. Бір автор/авторлар тобы тек бір номинацияға қатыса алады. Байқауға ұсынылатын жұмыстардың тақырыбына шектеу қойылмайды. Шығармалар 2021 жылдың 1 қазан күні сағат 9.00-ден 2021 жылдың 30 қараша күні сағат 18.00-ге дейін электронды пошта арқылы қабылданады.

Естеріңізге салсақ, кеше «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар Одағы арасындаөзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шараның ашылуында сөйлеген сөзінде қоғамдағы зиялы қауым өкілдерінің тиіс екіжақты жобаларға кеңінен тоқталып өткен еді. Аталған меморандумның алғашқы жемісі ретінде аталмыш «Ұлы дала» байқауы жарияланып отыр.

«Ұлы дала» байқауы 2019 жылы өткізіліп, оған 700-ден астам шығарма түскен болатын. Олардың ішінен 400 шығарма іріктеліп, 5 номинация бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен талантты 15 жас қаламгер жүлдегер атанды. Тек соңғы бір жарым жылда коронавирус пандемиясының салдарынан біраз әдеби-мәдени жобалар тоқтап қалды.

Байқаудың шарттары «Nur Otan» партиясының ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында, сондай-ақ аikyn.kz сайтында, «Miras» партиялық жобасының Facebook парақшасында жарияланады.

”Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар