Үздік педагогтерге 2 917 000 теңге берілді

1200

Бүгін Қостанайда білім беру саласындағы маңызды салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов   жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды.

Биыл оныншы рет өтіп жатқан мерейтойлық рәсім Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, аса көрнекті ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты біз іс-шараны ұлы ағартушының туған жерінде өткіземіз деп шешім қабылдадық.

2020 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Президенттің қолдауының арқасында және осы Заңның қабылдануының нәтижесінде біз мұғалімдердің жалақысын арттырып, педагогтерді өзіне тән емес функциялардан босату бойынша жұмыс жүргіздік»,– деп жазды ол.

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен келген 64 мұғалім «Үздік педагог-2021» атағына ие болды. Педагогтердің әрқайсысы 1000 АЕК көлемінде сертификатпен және «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар ақшалай сыйақылар жергілікті атқарушы органдар тарапынан да бекітілді. Бұл күні 10 педагог «Еңбек ардагері» медалімен және «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Педагогика саласының еңбек ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы