Коронавирусқа қарсы вакцина алған қанша қазақстандық қайтыс болды?

3224
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2021/09/photorep_imageid_561275_363937573a1a3e71597387223_d_850.jpg
Вакциналау науқаны басталғаннан бері Қазақстанда вакцинаның екі компонентін алған 482 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 1 ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакцина алған 482 адам індеттен көз жұмды.
- Бірінші ақпаннан тамыздың соңына дейінгі жағдай вакцина алған 482 адам қайтыс болды. Бұл коронавирустан көз жұмғандар санының шамамен 5%-ын құрайды, - деді Цой үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан соң журналистер осы уақытқа дейін денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың 1 ақпаннан 31 шілдеге дейінгі аралықта 115 вакциналанған адам көз жұмғаны туралы ақпаратын еске салды. Алексей Цой бұл ақпаннан тамыз айын қоса алғандағы статистика екенін жеткізді.
- 482 адамның бәрі – толық вакциналанғандар. Сіздер білесіздер, бізде шілде-тамыз айларында аурушаңдық өсіп, өлім-жітім көп болды. Сондықтан осындай айырмашылық бар. Бірақ бәрібір де коронавирустан қайтыс болғандардың дені вакцина алмағандар екенін көріп отырмыз. Сондықтан мен осыған назар аударуды сұраймын, - деді Цой.
Сондай-ақ, ол қайтыс болған азаматтардың қандай вакциналармен егілгенін айтты.
- CoronaVac - 23 адам, Спутник V -371 адам, Қытай вакцинасы Vero Cell және Hayat - Vax - 75 адам, QazVac - 13,  бұл негізінен Қазақстан нарығына жеткізілетін вакциналар санына сәйкес келеді - деп түйіндеді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 6 миллионнан астам адам вакцинациялаудың толық курсынан өткенін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, тіпті кейбір шектеулерді алып тастауға мүмкіндік беретін иммундық қабат құрылған екен.

"Адырна" ұлттық порталы

Комментарии