Байзақ: Жарылыстан қаза тапқандардың отбасына 20 млн теңгеден беріліп, несиелері кешіріледі

1761

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Талғат Уәли Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан қаза тапқандардың отбасына 20 млн теңгеден берілетінін атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

- Қаза тапқан қызметкерлердің отбасына республикалық бюджеттен 10 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Ал жергілікті бюджеттен 5 млн теңге, сондай-ақ ТЖМ Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері бір күндік жалақыларын арнайы есепшотқа аударған болатын. Онда шамамен 100 млн теңге жиналды. Ол қаржыдан 5 млн теңгеден бөлінеді. Осылайша қаза тапқандардың отбасыларына 20 млн теңге көлемінде аударылады,-деді ТЖМ баспасөз хатшысы.

Талғат Уәли бұл материалдық көмектен бөлек жарылыс салдарынан қаза болған құтқарушылардың отбасыларына қызметкердің лауазымына қарай бес жылдық жалақысы да аударылатынын айтты. Сондай-ақ марқұм болғандардың несиелері де кешірілмекші.

- Жамбыл облысы әкімдігі қаза тапқан азаматтардың қандай да бір екінші деңгейлі банктерде несиесі болатын болса, соны да кешіруге келіссөздер жүргізгенін айтты. Ал есепшоттта жиналған қаражат әртүрлі деңгейде жарақат алғандарға да үлестірілетін болады. Оның көлемі алған жарақатына байланысты бірнеше санатқа бөлініп, төлемдер жүргізіледі,-деді Талғат Уәли.

Бұдан өзге министрліктің баспасөз хатшысы жарылыстан аман қалан азаматтар алдағы уақытта бірінші және екінші деңгейлі "Айбын", "Халық қаһарманы" секілді түрлі мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынылғанын айтты.

Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімінде өрт шығып, арты жойқын жарылысқа ұласты. Оқиға салдарынан қаза тапқандар саны 17-ге жетті. Марқұмдардың оны азаматтық қорғау органдарының, алтауы — Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері. Біреуі — әскери прокурор.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар