Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді

444

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізуден басталды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "akorda.kz-ке" сілтеме жасап.

Президент өз сөзінде Қазақстанды экономикалық және рухани-мәдени тұрғыдан дамытуда өңірдің рөлі зор екенін атап өтті.

– 30 жылда бұл өлкеге 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 есеге, яғни 3,5 пайыздан 8 пайызға дейін артты. Облыс өңірлік жалпы өнім деңгейі бойынша алдыңғы қатардағы бестікке кіреді. Еліміздің тораптық көлік-логистика орталығы осында орналасқан. Ақтау және Құрық айлақтары –  Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Тәуелсіздік кезеңінде облыста 11,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 78 мектеп, 334 балабақша салынды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент аймақта жылдам шешуді қажет ететін бірқатар қордаланған мәселе бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда,  Мемлекет басшысы облыста еңбек даулары өршіп тұрғанын ерекше атап өтті.

– Жыл басынан бері өңірде осындай 150 дау туындады. Бәрі заң аясында шешілуге тиіс. Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін Ведомствоаралық штаб құру қажет. Оған мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» белсене қатысуы керек. Бұл штаб шұғыл шешім қабылдауға және халықпен тығыз қатынас орнатуы қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы облыста жұмыссыздық мәселесінің ушығып тұрғанына мән беріп, жергілікті жұрттың жұмыс таппай жүргенін, ал мердігерлердің басқа жақтан еңбек күшін тартатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдік пен «Самұрық-Қазына» қорына, ең алдымен, өңірдің жергілікті тұрғындарын жұмыспен қамтуға баса мән беруді тапсырды.

Президент инфляция деңгейінің жоғары екенін және азық-түлік тауарларының бағасы тез қымбаттап жара жатқанын келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтіп, аталған проблеманы шешу қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай суға деген сұраныс арта түсетініне тоқталды. Ақтау қаласын сумен қамтамасыз етуге қатысты бұл мәселені шешу үшін  Мемлекет басшысы Үкімет пен өңір әкімдігіне «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кешенін жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың шұғыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің біліксіздігінен «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттыру жобасының жүзеге асырылуы созбалаңға салынып кеткенін және жобаның құны көтерілгенін сынға алды. Президент жыл соңына дейін аталған жобаны аяқтауды тапсырды.

Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын одан әрі дамыту, соның ішінде өңірдегі жаңа кен орындарын игеру мәселесін көтерді. Осы ретте, Мемлекет басшысы жалпы құны шамамен 5 миллиард доллар болатын «Қаламқас теңіз» және «Хазар» ірі кен орындарын игеру жұмыстарын бастау жөніндегі шешімін еске салды. Президент кен орындарын игеру жұмыстарына жергілікті компаниялар мен кадрларды барынша тартудың маңызды екенін атап өтті.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай кен орындарының бірте-бірте тозуына, 2030 жылға қарай өндірілетін мұнайдың азаюына байланысты проблеманы да қозғады. Аталған мәселені шешу үшін Президент геологиялық барлау және жаңа кен орындарын іздеу бағытына белсенді түрде инвестиция тартуға шақырды. Бұл жұмыстарды атқару барысында жыл соңына дейін құрылатын Ұлттық геологиялық қызмет маңызды рөл атқаруға тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақтау қаласын көгалдандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды талап етіп, облыс әкіміне ағаш отырғызу мәселесін шешуді тапсырды.

Бұдан бөлек Президент жергілікті экологиялық проблемаларға, соның ішінде «Қошқар Ата» қалдықтар қоймасына қатысты мәселеге тоқталды. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне үш жыл мерзім ішінде қалдық қоймасын қайта қалпына келтіруді және қалдық жиналатын толық инфрақұрылым қалыптастыруды, сондай-ақ қатты тұрмыс қалдықтарын  нормативті талаптарға сай өңдеу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі көлік-транзит әлеуетін дамытуды тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Бұл ретте еліміздің теңіз порты арқылы өтетін транскаспий мультимодальді халықаралық жолының маңызы арта түседі.  Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке Ақтау және Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құруға және Қытайдан келетін экспорттық жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға тапсырма берді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Бейнеу-Шалқар автожолының құрылысы Маңғыстау облысының көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді деп атап өтіп, Үкіметке тиісті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.

Президент сөзінің соңында көтерілген мәселелерді шешу үшін Үкімет пен облыс әкімдігіне екі аптаның ішінде Өңірді дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырды.

Жиын барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы