ҚУАНЫШ ЕДІЛХАНТЕГІ: Трамп ядролық соғысты да жасар еді

2330
Adyrna.kz Telegram

Әлемде 200-ден астам мемлекет бар деп есептеледі, олардың ішінде әлемге ықпалын жүргізіп отырған қуатты мемлекеттер де бар. Басты көрсеткіш жер көлемі немесе халық саны емес, экономикалық қуаты деп есептесек, онда көш басында, әрине, Америка Құрама Штаттары тұр. Сондықтан да әлем АҚШ-қа қарайды, ондағы демократия, мемлекет құрылымы, Конституциясы, т.с.с. басқа көптеген елдерге үлгі, көп елдер соларға қарап бой түзейді. Ондағы жүріп жатқан процесстер сондықтан да ешкімді бей-жай қалдырмайды, адамдар арасындағы ұсақ-түйек қарым-қатынастың өзі басқалар үшін үлкен маңызға ие болып шыға келеді.

Әрине, еш мінсіздік тек құдайдың құдыретінде ғана, басқалар, оның ішінде демократиясының дамығанына 200 жылдан астам уақыт өткен АҚШ-та да, оның Конституциясында да кемшіліктер бар екен. Ол өткен жылы өткен президенттік сайлауда айқын көрініп қалды. Олай болуы мүмкін емес деп есептеліп келген АҚШ-тың өзінде диктаторлыққа бейім, тіпті расистік көзқарасына дер кезінде ешкім жеткілікті мән бере қоймаған кейбіреулер президенттік лауазымға өтіп кете жаздады. Оның салдарын жеңу де оңайлыққа түспейтіні енді белгілі бола бастады. Оны қазақ "адам аласы ішінде" деп бір-ақ түйіндепті.

Әңгіме өткен жылғы қарашада өткен сайлау туралы - ол жөнінде БАҚ-тарда аз жазылған жоқ. Сайлаудың кульминациялық шегі - Трамп жақтастарының 6 қаңтардағы Капитолий ғимаратына шабуылымен аяқталғаны белгілі. Бұл АҚШ-тың жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен трагедиялық оқиға болды. Қазіргі кезде осы оқиғаны тергеу, шабуылға қатысқандардан жауап алу, тағылған кінәсына сәйкес соттау, т.с.с. АҚШ құқық қорғау органдары тарапынан жүріп жатыр. Сондай-ақ Конгресстің Өкілдер Палатасы да дербес комиссия құрып, лауазымды тұлғалардан жауап алып жатқаны белгілі. Жақында Өкілдер Палатасының спикері Нэнси Пелосидің АҚШ Қарулы Күштері штаб бастықтарының біріккен комитетінің басшысы Марк Миллимен қаңтарда телефонмен сөйлескені жарияланды.

Пелоси:
"Айтып отырмын ғой Сізге, оның (Трамптың) айналасындағылар оның Капитолийге шабуылын да тоқтата алмады, сонда оның ойында тағы не бар екенін кім біледі тіпті? Ақ Үйде оның жалпиған к...нін сүйгеннен басқа жұмыс жасайтын біреу қалды ма? Ол жынды ғой таза. Оның есі ауысқанына бірталай уақыт болды".

Штаб бастығы Милли:
"Спикер ханым, мен Сізбен толықтай келісем".

Сол күндерде Милли іс жүзінде армияны басқаруды өз қолына алған еді (өйткені Трамп тағайындаған Қорғаныс министрі нейтраль позиция ұстанды). Милли ретін тауып Трампты ядролық кнопкаға жақындатпады, президенттігінің соңғы күндерінде Қытай мен Иранға ядролық соғыс ашпауы үшін қолынан келгеннің бәрін де жасады, Қытайға телефон соқты, Ақ Үйді тастап шығудан бас тартты. Өйткені Трамп қолынан келгеннің бәрін де жасады, атап айтқанда әрбір республикашыл губернаторға телефон соғып, сайлау қорытындысын өз пайдасына бұрмалауды талап етті, Жоғарғы Сотқа дейін жетіп одан ұтылды, Бас прокурорды бопсалады, ақырында дауыс беру қорытындысын бекітер күні Капитолийге шабуыл жасап, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді. Ядролық соғыс дейсіз бе? Ол оны да жасауы мүмкін еді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер