Ақтоты Райымқұлова Қарағанды облысындағы бірқатар спорт кешендерін аралады

2488
 19 қыркүйек күні Қарағандыда Қазақстан үстел теннисінен әлемдік деңгейде тұңғыш рет өткен «ITTF Kazakhstan International Open-2021» халықаралық турниріне ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы арнайы қатысып, Қарағанды өңіріндегі бірқатар спорт кешендерінің даму барысымен танысып қайтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.
Іс-сапар барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы, Қарағанды облысының спорт басқармасының басшысы Темірхан Серікбайұлымен бірге Қарағанды қаласында орналасқан бірнеше спорттық нысандарын аралап, ондағы жаттықтырушылар мен мекеме қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында шешімі табылмаған көптеген мәселер айтылып, алдағы атқарылуы тиіс жұмыс жоспары талқыланды.

- Қарағанды – дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту жолында өзіндік орны бар қала. Биыл күллі әлемді әбігерге салған сындарлы кезеңге қарамастан алға қойған бірқатар маңызды міндетті абыроймен орындадық. Баршаларыңызға белгілі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жолдауында бұқаралық спортқа баса назар аударып, еліміздегі жастармен қатар барша жұртты спортқа баулу керектігін айтқан болатын. Аталған мәселеге байланысты іс-сапармен келген қонақтарымызға алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымызды таныстырдық - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары балалардың спортпен айналысу үйірмелеріне арнайы қаржыландыру, көмек көрсету аясында облыс бойынша 1 млрд-тан астам қаражат көзделгенін атап өтті.

- Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. Оған байланысты алдағы уақытта 8 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Одан бөлек бұқаралық спорт пен спорттық инфоқұрылымды дамыту бойынша 1,5 жыл бұрын арнайы жол картасы қабылданған болатын. Соған сәйкес, бүгінгі күні өңірлерде, әсіресе ауылды жерлерде, әр аулада, әр көшеде қолжетімді спорт инфоқұрылымын дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы облыс бойынша түрлі деңгейде жабдықталған 3 мыңнан астам спорт орындары бар, - дейді А. Нүкенұлы.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары іс-сапар кезінде Министрге Қарағанды облысында салынып жатқан бірқатар спорт кешендері жайлы тарқатып айтты.

- Бүгінгі күні облыс бойынша спорт кешендері қарқынды дамуда. Қазірдің өзінде өңір көлемінде сауықтыру кешендерінің саны 20-дан асты. Былтыр Теміртау, Шахтинск, Абай, Қарқаралыда бірнеше спорт объектілері, содан кейін осы Қарағандыда үлкен теннис орталығы ашылды. Оның барлығы бүгінде халық игілігіне, балалардың игілігіне жұмыс істеуде. Одан бөлек 8 спорттық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі кезде Шахтинскіде, Қарсақбайда, Нұра, Ұлытау ауданында, Ботақара, Жаңаарқа сынды ауылдық елді-мекендерде үлкен спорт кешендері, бассейн мен хоккей корты салынуда, - деді А. Нүкенұлы.

Одан бөлек Абзал Нүкенұлы барлық жастағы ел азаматтары арасында ұлттық спортты дамытуға айрықша назар аударып келе жатқанына тоқталды.

- Ұлттық спортқа көп көңіл бөліп жатырмыз. Қарағанды басынан үлкен атшабар ипподромға жер бөлінген. Өткенде ғана сол жерде бәйге өткіздік. Біздің қауымдастық қазір ұлттық спорт бағыты бойынша күшейіп жатыр. Көкпардан жігіттер  Қазақстан деңгейінде жақсы ұйымдасып, 2 - орын алып келген болатын. Болашақта сол жерде үлкен ипподром саламыз деген ойымыз бар. Алдағы уақытта өзімізге жақын ұлттық спорт түрі - ат спортын дамыту бойынша жұмысты күшейтетін боламыз. Атқарылатын жұмыс бар. Жоспарлар көп, - деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары А. Нүкенұлы.
Айта кетейік, 15-19 қыркүйек аралығында Қарағандыдағы Saryarka үстел теннисінің жаңа орталығында Қазақстан үстел теннисінен «ITTF Kazakhstan International Open-2021» халықаралық турнирі тұңғыш рет өтіп, әлемдік деңгейде өткізілген болатын. Жарысқа Аустрия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен 70-тен астам спортшы қатысты.  Жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құрайтын айтулы жарыс ТМД елдері аумағындағы Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) биылғы жылғы жалғыз рейтингтік турнирі атанды.
Зарина ӘШІРБЕК,
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар