Гладиатор

2009
Adyrna.kz Telegram

(Эссе)

Сары шайыр және Спартак

Өлеңi оймен өрiлген,
Характерлi ағам-ай.
Аузынан от көрiнген,
Орақ тiлдi ағам-ай...
(Шәкең туралы шымшымадан)

Алматыға арман қуып бiз келгенде, ол бұл қалада жоқ екен. Оқуын тағы да орта жолдан үзiп, елге кетiп қалыпты. Сонау Сыр өңiрiнде тұла бойын жыр буып, сенделiп жүрген көрiнедi. Бiрақ әйгiлi шаһардың қай жерiнде де шайырдың iздерi сайрап жатыр. Күллi журфак соның өлеңiн оқиды. Оның қалай өз жырын жатқа оқитынын, жатақханада қалай сайран салатынын ауыздарының суы құрып, аңыз қып айтады. Тым ерте танылған соң сөйтеді де... «Жақсы ақын жақсы iшуге тиiс» деген сол заманның бұлжымас қағидасына сүйенсек, кейiпкерiмiз Шаһизада Әбдiкәрiмов бұл жағынан да ешкiмге есе жiбермегенге ұқсайды. Iшiмдiкке кәдiмгiдей маманданған талантты жас ақындар оны жынды судың жырынды мұрабындай қадiрлейдi. Өлеңге өлерменденiп кiрiсiп жүрген бiз де оның ақындық болмысына сырттай тамсанамыз. Шәкеңше жыр жазып, Шәкеңше шөл қандырғанды қалаймыз. Журфактың жатақханасында талай сойқанды салған сары сайтанды бiр көргiмiз келедi. Әйтеуiр, дақпырты керемет. Сыраны сiмiрiп болғанша сондай сыпайы, сыраға әбден меймiлдеп алған соң, байлап қойсаң да бағынбайтын шу асау деседi. Ол кезде «сырашыл» дегеннiң әсерi «сыршыл» дегенмен бiрдей ғана. Бұған қуанбаса, ешкiм де намыстанбайды. Ал ендi өлеңдерi сұмдық. Бiрiнен-бiрi өтедi.

Ақыры, көрдiк оны бiр күнi. Жазушылар одағында өлең оқыды. Жастар фестивалi ме, поэзия жиыны ма, әйтеуiр сондай бiр басқосу өттi. Тайлы-таяғымыз қалмай бардық. Басы бұлғаңдап, сахнаның сыртынан шыға келдi де, күндей күркiреп қоя бердi. Өлең оқығаны бар болсын, тыпыршып бiр орында тұра алмайды екен. Бүкiл зал сiлтiдей тынып тыңдады. Сондағы оқыған жыры «Гладиатор Спартак» деп аталады. Дауысы зор. Екпiнi күштi. Құдды бiр ақырып теңдiк сұрап тұрған Махамбет сияқты өршеленiп оқиды. Өлеңiнiң әр жолы ауаны тiлiп түседi. «Fасырыңның тозғанмен тұяғы ақыр, Сен жайлы өлең өлген жоқ – қияда тұр. Бiр ұқсастық бар бiлем, екеумiзде, Италияны шулатқан гладиатор», – деп тiстенедi. «Сен құлдықпен айқассаң аренада, Мен сұмдықпен шайқасам өлеңiмде», – деп екiленедi. «Мен де бiр гладиатор, поэзияның, Парасатын қорғайтын жанұшырып», – деп не нәрсеге өшiгiп тұрғанын түсiндiргiсi келедi. Сөйтiп алып, «Қан-қан болып жатсам да жыр жолында, Мен ешкiмнен жан сауға сұрамаймын», – деп тағы кiжiнедi. Бiр сәт «Осылар менi шынымен тыңдап отыр ма?» – дегендей залға сығырая қарап, үнсiз тұрды да:

Жанарымда ұйып қап аппақ арай,
Деп тiлеп:
«Өнер көшi тоқтамағай!»
Ыңырсимын сәл ғана...
Ал содан соң
Жөнелем өзiң кеткен жаққа қарай, –

деп жалма-жан жалт бұрылып, талтаң-талтаң етiп, сахнаның сыртына кетiп қалды...
Бұл көрiнiс мына бiз сияқты бөзөкпелерге ғаламат әсер еттi. «Нағыз ақын осындай болуы керек екен ғой», – деп ой түйдiк. Сыраға тұмсығын еркiн малып үйренген етi тiрiлеу ақындарымыз жыр перiсiнiң соңынан тұра ұмтылды. Көп ұзатпай ұстап алып, онымен бiрге сейiлдеп көрмек. Барға қанағат деп, бар ақшасына барға апарып, бармағын жалап, батасын алмақ. Содан сары шайыр әбден құмары тарқап, жеңсiгi жеріп, сонау Қызылордасына аттанып кеткенше бiрге бошаламақ. Бiз iлесе алмадық. Анадай жойқын екпiнге анау-мынау адамның шыдас бермейтiнiн түсiндiк. Сөйтiп, ақындықтың ауылы алыстай бердi.

Жын қуған сары шайыр одан кейiн де сүйiктi Алматысына бiрнеше рет келдi. Бiрде әлдебiр жиынға қатысып, жыр оқиды. Ендi бiрде қоян жылында үзiлiп қалған оқуының жайын бiлмек үшiн университетке бас сұғады. Келген сайын журфактағы ақын бiткен Гладиатордың қасынан шықпайды. Содан ол кетер-кеткенше күллi Алматы теңселiп тұрады. Ол аттанып кеткен күннiң ертеңiне арқалы ақынның соңына ерген ақ күшiктер көздерiн тырнап ашып, әр бөлмеде қалған конспектiлерiнiң жұрнақтарын түгелдеуге кiрiседi.

Өз басыма одан ұрттауды үйренудiң сәтi түспедi. Бiз о бастан шулы сусынға әуестiк танытып жарытпадық. Ол да ақындығына әр, гладиаторлығына нәр берген iшiмдiктi кейiн бiржола қойып кеттi. Бiрақ одан өлеңiнiң де, өрлiгiнiң де температурасы төмендеген жоқ. Екi қолын сермеп, өршеленiп сөйлеп тұрғанда, бiр көрген адам оның бойындағы ненiң қызуы екенiн бiлмей дал болады.

Мен бiр нәрсеге таңғалатынмын. Ол Алматыға талай келгенде, кiтап шығару мәселесiн ауызға алмайтын едi. Тiптi ақын достары аты дардай баспаларға бастық болған тұста да бұл шаруаны құнттаған емес. Ал өлеңiнен өлермендiгi биiк пысықтар жазған дүниелерiн дамылсыз жарыққа шығарып жатты.

Кейiн жақынырақ араласқан соң, оның «Байқоңыр» деп аталатын алғашқы жыр жинағын шығарғанымыз қызық болды. Жасы қырықтан асқан көзi тiрi шайырдың өлеңдерiн Көтеш ақынның мұрасы секiлдi әр жерден iздеп жүрiп жинадық. Үйден қарадық, түзден табылды... Тиынның татын жалаған біртуар баспагер Құлтас Достан ел-жұртты таңғалдырып, бұл жинақты тегiн шығарып бердi. Сөйтсек, ол Шәкеңнiң талантын керемет қадiрлейдi екен. Сәби күнiнен сауда-саттыққа үйiр жұлымыр Құлтас кеңес заманында Жалағашта жанармай сатып жүргенде, Шаһизада ағасының өлеңдерiн шетiнен жаттапты. Кезiнде өзi де «Жiгер» фестивалiне қатысып, жүлде алған жiгерлi саудагер ақын жырды көркемдеп кестелей бiлетiн. Жанармайы өтпесе де, жырының жүрекке жеткенiне қуанатын. Сондықтан ол әйгiлi ақынның кiтабын оқырманмен қауыштырып, бiр ерлiк жасады. «Бiр аяғы – қырық екi, бiр аяғы – қырық бiр. Бiрақ соған қарамастан бизнесi жүрiп тұр», – деп халықтан шынайы бағасын алған кәсiпкер Құлтастың қазақтың руханият дүниесiне жасаған бiр жақсылығы осы!
Шаһизада шын мәнiнде де поэзияның Гладиаторы болды. Тума талант, ақындық мiнез, ерекше епкiн, адуын қимыл, өршiл дауыс, қайтпас қайсарлық... Бәрi де оның бойында бар. Бiрақ бүгiнгi бiздiң негiзгi айтпағымыз – оның ақындығы туралы емес-тi. Жүйрiк журналистердiң ақын бола алмайтыны сияқты жақсы шайырлардың бәрi бiрдей тәуiр журналист бола бермейдi. Осы екi салаға бiрдей еркiн көсiлетiндер көп емес. Ал Шаһизада Әбдiкәрiмов ақпарат әлемiнде де алымдылық байқатты. Ол талантты тележурналист қана емес, iскер ұйымдастырушы ретiнде де жұртқа кең танылды. Әншейiнде көз алдындағыны көрмей, сүрiнiп-қабынып әзер жүретiн алып-ұшпа ақын бас-аяғы оншақты жылда аймақтық деңгейдегi телемагнатқа айналды. Сөйтiп, ол тек поэзияда ғана емес, журналистикада да гладиаторлық мiнез көрсеттi.

Журфактағы жиырма екi жыл

Басқа вузда бұл фактi
Кезiкпеген, ағам-ай.
Жиырма екi жыл журфакты,
Ежiктеген ағам-ай...
(Шәкең туралы шымшымадан)

Қазақ баспасөзiнiң бас мектебi – КазГУ-дiң журналистика факультетiн дәл Шәкеңдей қадiрлеген адам некен-саяқ шығар. Ол бұл қасиеттi құтхананың қабырғасында ширек ғасырға жуық аялдап жүрiп алды. «Iлiм мен бiлiмге әбден шөлдеген екен», – дедiк бiз. «Оқуды сүйсең, менше сүй!» – деп ол да жылда келедi. Бiрнеше жыл дамылдап алып, қайта шабуылдайды.

Жалпы, журфакта ұза-а-а-ақ оқыған ақындар жетерлiк. Есенқұл Жақыпбеков, Шорабек Айдаров, Бауыржан Үсенов... тағы басқалар. Кейбiрi журфакқа араға екi-үш жыл салып, қайтып оралып отырады. Ендi бiрi әдебиетке қайта оралған арыстар секiлдi бiрнеше жылдан кейiн шаң бередi. Соның iшiнде екi ақынның журфактың қамалын алуға сiңiрген еңбегi ерекше. Екеуi де ел iшiнде тұрады. Екеуi де сессия сайын Алматыға дуылдатып келiп, дауылдатып кетедi. Бұлардың оқу ұзақтығына Гиннестiң кейбiр рекордтары да астар бола алмайды. Жамбылдық ақын Нарша Қашағанов университетте табаны күректей он тоғыз жыл оқыған! Ал әйгiлi Шаһизада Әбдiкәрiмов журфакты жиырма екi жылда оқып бiтiрдi! Сонау 1974 жылы КазГУ-ге түскенде, ол мектептi жаңа бiтiрген үрпекбас сары бала едi. 1996 жылы жасы қырыққа келгенде, аман-есен бiтiрiп шықты. «Қырқында қамал алды» деген осы!
Журфактың өзiндiк рекордтары көп. Аманғали Дайрабаев отыз төрт жасында күндiзгi бөлiмге оқуға түстi. Шығысқазақстандық Тазабек Бекбаев деген ағамыз осы факультеттi елу сегiз жасында қызыл дипломмен бiтiрдi. Белгiлi ғалым, зерделi зерттеушi, бiлiктi бейiмбеттанушы Тоқтар Бейiсқұлов жасы жетпiске таяп қалғанда кандидаттық диссертация қорғады. Сөйтiп, осындай рекордтардың санын арттыруға Шаһизада Әбдiкәрiмов те елеулi үлес қосты.

Журфакқа бiр келгенiнде профессор Темiрбек Қожакеевке сәлем берiп, «Ағай, сiрә, сiз менi танымадыңыз-ау деймiн», – дептi. Сонда Темкең: «Неге танымайын? Сен елдi шулатқан атышулы Әбдiкәрiмов емессiң бе?!» – дегенде Шаһизада шалқ ортасынан түсе жаздапты. Темкеңнiң тепкiсiне ұшыраған таланттардың бiрi осы едi. Сол Темкең талантына тигiзбей тепкiлеген асау ақындардың бiрi де Шәкең болатын. Тегеурiнi қатты қатал декан түптеп келгенде, бәрiбiр оған тiлеулес болды.

Университетте болмады, бiлем, берекем,
Сергей Мироныч жат көрдi.
Декан ағайдың вокзалда досы бар екен,
Кезексiз билет ап бердi, –

деп талай рет ауылға тартып отырса да, қайтып айналып үйiрiн тапты. «Бұл пәле тағы төбелес бастап жүрер деп, Қармақшыға қарай алып қаша беретiн жетiншi пойыз» оны ауық-ауық Алматыға жеткiзiп, ақыры журфакты бағындыртып тынды...
Университеттiң қабырғасындағы ұзақ iзденiс Шәкеңдi шынымен құлшындырса керек, бiр күнi оның ғылыми тақырып бекiтiп, кандидаттық диссертация қорғауға деген ықыласы оянды. Бұл тұста бiз ескi дос, талантты ғалым Амантай Шәрiп екеумiз докторлық қорғаудың қамында жүр едiк.

Ойдан-қырдан дос-жаранды шақырып,
Қорғап жатыр қос iнiм.
Бекiтсем бе деймiн мен де тақырып,
Бiрақ қалай болар екен осыным.., –

дегендей, ол күндiз-түнi қалың ойдың құшағында жүрдi. Баспасөздегi Байқоңыр мәселесiнiң жазылуынан қорғағысы келдi. Осы жерде айта кетейiк, кейiпкерiмiз ғарыш тақырыбын топырағы торқа болғыр Королевтан кем бiлмейдi-ау деп қалам. Оқымаған кiтабы, көрмеген киносы жоқ. Дерек дегендi оң қалтасынан да, сол қалтасынан да суырып алып жатады. Ақындықтан кейiнгi ықыласы ауған саласы – осы. Егер ғарышқа турист қана емес, ақын жiберуге де болатын заман туса, қасына Алтай Үсенов пен Дүйсенбек Аяшұлын ертiп, екi-үш күн самғап қайтуға қарсы емес. Ақыры Алланың алақанына салып берген ақындық талантын қадiрлегенi болар, ғылымға деген ет пен терiнiң арасындағы желiгiн басып, елге қайтты.

«Шамшыраққа» ойлы
очерк керек деп...

Қалам сiлтеп, көсiле
Ерiнбеген ағам-ай.
Эфирден де несiбе,
Терiп жеген ағам-ай...
(Шәкең туралы шымшымадан)

Оның тек талантты ақын ғана емес, мықты журналист болғанына ел куә. Қармақшы аудандық газетiнiң тiлшiсi, Байқоңыр телерадиокомпаниясының төрағасы, «Қазақстан» телеарнасының Қызылорда облысындағы және Байқоңырдағы тiлшiсi қызметтерiн атқарған жылдарда қалың жұртқа кеңiнен танылды. Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi ғарышқа аттаныс туралы репортаждардың денiн Шаһизада Әбдiкәрiмов әзiрледi. Байқоңырдың бағы мен сорын бейнелеген хабарлар сериясын ұсынып, әлеуметтiк кеселдердiң алдын алып, дабыл қақты. Көркем сөзбен кестеленген талай бейнелi сюжеттер көрерменнiң есiнде қалды. Тек телехабарлардың мазмұнына жетiк болып қана қоймай, телетехниканың тiлiн де керемет меңгерiп шықты. Қапелiмде ақын достарының атын есiне түсiре алмай абдырап қалып жататын Шәкең кiсiнiң тiлi келмейтiн телететiктердiң атауын өмiрi шатастырмайды.
Оның поэзиясында да журналистiк қызметiнiң кейбiр сәттерi қылаң берiп қалады. Iлгерiректе жазған «Машбюрода» деген өлеңiн жата-жастана оқығанбыз.

«Шамшыраққа» ойлы очерк керек деп,
Редактор қысып алса сенi ептеп,
Қолжазбаңның сиясын да сорғытпай,
Машбюроға жүгiресiң дедектеп.

Сарт-сұрт!..
Сарт-сұрт қағып алып сөзiңдi,
Машинка үнi тауысады төзiмдi.
Осындайда жауған оқтың өтiнде
Жүргендей бiр сезiнесiң өзiңдi.

«Шамшырақ» деп отырғаны – Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетi. Бұл – орта жастағы барлық журналист атаулыны елең еткiзетiн өлең. Бiр кезде жазу машинкасы ақпараттық техниканың сұлтаны болғаны белгiлi. Сол машинканың сартылын пулеметтен атылған оққа теңеп, оқырманды шынайы әсерге бөлеген Шаһизадаға ақын бiткен қызыға қарады. Өлеңде «Сол бiр батыр нәзiк қызға айналып, Ақырғы оғын атып жатқан секiлдi», – деген жол бар. Бүгiнде атауы архаизмге айналған осы бiр мамандық иелерi – машинкашы қыздарға арналған жөнi түзу жалғыз жыр сол ғана болар. Айтпақшы, ұмытпасам, Сырбай ағамыздiкi болу керек, «Бiлушi едiм, бұл жердiң машинискесiн, Не боп кеткен апыр-ау, шашын кескесiн» – деген шымшымасы бар екен ғой...

Ақын өмiрдiң қилы құбылыстарын бейнелеу барысында баспасөз бен ақпараттың терминдерiн де арагiдiк қолданып отырады. Сiрә, өзiне етене тiршiлiктiң түйткiлдерi үнемi миының қалтарысында бұғып тұратын болуы керек.

Бiздерге арнап анау баспаханада
Жатпайды ешкiм қорғасыннан оқ құйып.
(«Ұлықбек орден алғанда»).

Экранда толып үлкен планда,
Тұрысын-ай мiнбелерде талтайып,
(«Сарбаздар»).

Беттерiнде өксидi газеттердiң
Қара сызық қоршаған қазанама.
(«Түс»).

Сұхбатшының жақсы едi сезбегенi,
Телетiлшi тiлесiн өзге ненi?
Алқынады деректiр: – Мынау пәлең...
Қақ жүректен тигендей көздегенi.
(«Мұражайда»).

Бұдан елдiң арасында тек арқалы ақын Шаһизада ғана емес, ойы ұшқыр, қаламы жүйрiк журналист Шаһизаданың да жүргенiн көремiз. Талай жылдан берi қалыптасқан ақпараттық алымдылық пен телерепортерлiк шалымдылық ара-тұра ақынмен бiрге жыр алаңына шығып кетiп отырады. Сөйтiп, кейде өмiр құбылыстарының бiр сәттiк тақырыбына айналып сала бередi.

«Қоғамдағы» еркiн ой

«Қоғам ТВ» ашқасын,
Халық көрген ағам-ай.
Тiлшiлердiң ақшасын,
Алып берген ағам-ай...
(Шәкең туралы шымшымадан)

1996 жылдың аяғында Қызылорда университетiнiң ректоры Бақберген Досманбетов қаланың әкiмi болып тағайындалды. Бiр аптадан соң, осы оқу орнында проректор қызметiнде жүрген менi орынбасарлыққа шақырды. Жаңашыл әкiм бiрден тың бастамаларды iске асыруға кiрiстi. Ә дегеннен қалалық газет, қалалық телекомпания ашуды ұйғардық. Газеттiң жарасы жеңiл. Ал телекомпания ашу оңай шаруа емес-тi. Сол жылдары Қызылордадан мойны озық тұрған қалалардың өзiнде де телеарна жоқ едi. Сондықтан бұған рұқсат алуымыз неғайбыл. Бiрақ бiздiң бiр ғана желеуiмiз болды. Ол тұста Қызылорда қаласы арнайы экономикалық аймақ болып жарияланған. Соны көлденең тартуды жөн көрдiк. Сөйтiп, мен Алматыға келдiм. Бұқаралық ақпарат министрi, сонау студент кезiмiзден тiлеулес Алтынбек Сәрсенбаевқа жолығып, жағдайды түсiндiрiп, халқының саны екi жүз мыңға жетпейтiн шағын қаладан телекомпания ашатын болып, куәлiк алып шықтым. Министрдiң тапсырмасымен тағы бiр Алтекең (Алтынбек Рысқұлов) телехабар таратуға жол ашатын рұқсат қағазды рәсiмдеп бердi. Телекомпания мен қалалық газеттiң куәлiгiн алып, айдарымнан жел есiп Қызылордаға жеттiм. Бұл сол кезең үшiн аса үлкен жетiстiк едi. Техникалық жабдықтардың да орайы келе кеттi. Менiң алымды да шалымды әкiмiм сол тұста арса-арсасы шығып жатқан Байқоңырдың әкiмiмен күнде келiссөз жүргiзiп жүрiп, ақыры сондағы күйi тайыңқырап тұрған телерадиокомпанияның бүкiл мүлкiн қалаға қаратып алды. Ендi тек қалалық телекомпанияға бастық тағайындау мәселесi ғана қалды. Кiмдi қоямыз? Бiреудiң өзi, бiреудiң көзi, ендi бiреудiң сөзi ұнамайды. Әбден басымыз қатты. Бақберген аға университетте проректор болып қызмет iстеп жүрген Амантай Шәрiптi шақырды. «Телекомпанияның билiгiн өзiң ал. Тiптi проректорлығыңа қосып iстесең де қарсы емеспiн», – дедi. Бұрын тележурналистикаға тұмсығын тығып көрмеген Амантай бұл ұсыныстан бiрден бас тартты. Бұл кезде оның бәрiбiр теледидардың машақатынан қашып құтыла алмайтынын, кейiн Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясының директоры, тiптi «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басшысының орынбасары болып қызмет iстейтiнiн ешкiм де бiлмейтiн едi.

«Ендi кiм бар?» – деп таусылды Бақберген ағам. Сол кезде ойға тележурналистикада жасын ойнатып жүрген Шаһизада сап ете қалды. Қалай есiмiзге келмеген? Байқоңырда тұратын едi. Өмiрi сол жерде өзi айтқандай, «өксiп» жүре беретiндей көрiнетiн. Өткен жолы Қызылорданың көшесiнде аяңдап бара жатқанын сыртынан көрiп, «Шәке! Әркiмнiң машинасына мiнгенше, әкiмнiң машинасына мiнбейсiз бе?!» – деп қалжыңдағаным бар едi.
«Шақыр!» – дедi бiрден әкiм. Келдi. Келдi де лезде дүрiлдетiп әкеттi. Алғашқы күндерде күн демей, түн демей, дамылсыз жұмыс iстедiк. Көп ұзамай қалалық телекомпания ақпарат кеңiстiгiн еркiн жайлай бастады. Байқоңырдың қуаты бойында тұрғанда алынып қалған жылжымалы техникалық станция жаңа телеарнаның беделiн бiрден көтердi. Ол тұста мұндай ауқымды техника елiмiзде өте аз едi. Шаһизада «Қыз-жiгiттерiм басқалардан ерекшеленiп тұрсын» деп қызметкерлерiне сары күртеше тiктiрiп бердi. Онысы көшеде жол жөндеп жүретiндердiң күртесiнен аумай қалды. Сондықтан жұрт әдепкiде Шәкеңнiң қызметкерлерiнен: «Әй, сендер жол жөндейтiн балаларсыңдар ма?» – деп сұрап жүрдi. Кейiн телекомпанияның дауысы алысқа жете бастаған соң, әлгi жол жөндеушiлерден: «Сендер ана хабар түсiретiн машинада жүретiн жiгiттер емессiңдер ме?» – деп жөн сұрайтынды шығарды.

Бұл бiр Сыр бойында ақындар атқа мiнген кез едi. Арқалы ақын Шаһизада өзiнiң бұйрығымен тағы бiр сұрапыл жыр перiсi Әдiл Ботпановты телекомпанияның бас редакторы етiп тағайындады. Қалалық телекомпания ақпараттар тасқынын ағытты. Таза шығармашылық ахуал қалыптасқан соң қыз-жiгiттер еркiн ойға ерiк бердi. Билiк те бұл ақпарат құралының бұйдалауға көне бермейтiнiн бiрден байқады.

Кейiннен қалалық телекомпанияның аты «Қоғам ТВ» болып өзгердi. Сол тұста Шәкеңе қалжыңдап:

«Қоғам ТВ» дегенде «Қоғам ТВ»,
Бiр телеарна бұйырар оған түбi, –

дегенбiз. Ақыры сол айтқанымыз келдi. Арнайы экономикалық аймақ мәртебесiнен айырылған қалаға телекомпанияны қаржыландыру қиынға түскен кезде, Шаһизада телеарнаны өз меншiгiне алды. Күндiз-түнi ұйқы көрмей, қаржы iздедi. Соның арқасында «Қоғам ТВ» осы уақытқа дейiн бiр күнге де жұмысын тоқтатқан емес. Есiк пен тесiктi шатастырып, арсалаңдап жүретiн ағеден ақкөңiл ақынды мұндай iскер болып шығар деп кiм ойлаған? Алдындағы алақандай әрiптi үңiлiп әзер көретiн ақын ылдым-жылдым қимылдап, аз ғана уақытта Сыр бойының Мэрдогiне айналды да шықты. «Қоғам ТВ»-да талантты журналистердiң мектебi қалыптасты. Аймақтың үлкен-кiшiсi бұл телеарнаның хабарларын жұмыла көретiн болды. Компанияның тiлшiлерi алыс-жақын шет елдерге шықты. Тiптi мұхит асып, АҚШ-қа барып, сол елден қоныс тапқан Сыр жұртының бөбектерi туралы хабар әзiрледi. Облысқа руханият көшбастаушыларының бiрi Мұхтар Құл-Мұхаммед әкiм болып келген тұста ақындардың аузы аққа тидi. Жазушылар орден тақты. Шәкең облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Еркiн пiкiрдiң есiгi одан әрi айқара ашылды. Мұхаңның тұсында телекомпания дербес жиiлiк арқылы хабар таратуға қол жеткiздi.


Өзiнiң отбасы да өсiп-өркендедi. Ұлдары ер жеттi, қызы бой жеттi. Бiр кезде: «Қолыңа қалам алсайшы», – дейдi Тұрсыным, Үш балам жетiм қалмай ма?» – деп күйзелетiн немесе «Үш құлыншақ құйрығын шаншып алып, Шапқылап жүр көзiмнiң ауласында», – деп толғайтын ақынның Fани, Мұхтар, Фариза атты балалары саналы ұрпақ болып жетiлдi. Сөйтiп, ақын жақсы жыр жазды, жақсы перзент өсiрдi.
Ендеше, баяғыда оқудан шығып, Қармақшыға келгенде:

Ауылға жеттiм – баяғы өзiң көргендей,
Жерге қаратып сары шалды, –

деп жырлағанын еске алсақ, сары шалдың рухы ақындықтың арланына, тележурналистиканың тарланына айналған бүгiнгi бiздiң сары шайырға риза шығар...

* * *

Шер толғаулы Шаһизада ақын осыдан біраз уақыт бұрын:

Жылдарым-ай...
Шарап ішіп шайқалған,
Ақкөңілге айқұшағын айқарған;
Ащы судан ісіп-кеуіп алқымы,
Алты қырдан алпыс құлан қайтарған, –

деп желдірте жазып еді. Сіз айқұшағыңызды әркімге айқара ашып, арсалаңдап, әупірімдеп алпыс құланды қайырып жүргеніңізде аулаңызға тағы да төрт-бес құлан кіріп кеткен бе, қалай?!

Сонымен, Сыр бойының Сары шайыры бүгін алпыс бестің алтын қақпасынан төңірекке тамсана қарап тұр. «Арудың жасы он сегіз, Ақынның жасы алпыс бес», – деуші еді бір ағам... Сол айтқандай, ай-хай, алпыс бесіңіз құтты болсын, Шәке! Арындап-арқырап, жалындап-жарқырап, Сыр мен Қырдың арасында аман-есен жүре беріңіз!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер