Ақтөбе облысында "Ауыл — ел бесігі" бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда

2038
Adyrna.kz Telegram
Ақтөбе облысының Қобда ауданына "Ауыл — ел бесігі" бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин жобалармен танысып, Әлия ауылында салынған коммуналдық тұрғын үйді аралады деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Құрылысты жергілікті бюджет қаржыландырды. Қоныс тойын тойлаушылардың бірі Бұлақ және Талдысай ауылдық округтерінің учаскелік полиция инспекторы Нариман Улянов болды.
"Өте жайлы үй. Бұған дейін өз баспанамыз болған жоқ. Әйелім, екі баламмен бірге 3 пәтер ауыстырыппыз. Енді пәтерден шығарып жіберуі мүмкін деген ойлар мені мазаламайды. Қызметтік тұрғын үй - мен және әріптестерім үшін үлкен қолдау және ынталандыру", - деп атап өтті полицей.
Аудан әкімі Болат Құловтың айтуынша, ауылға қажетті мамандар үшін мұндай үйлер барлық ауылдық округтерде кезекпен салынады.
"Биыл бастауын алған құрылыс, келесі жылы Өтекте, Қызылжарда және одан әрі басқа ауылдарда жалғасуы жоспарланған", - деп хабарлады аудан әкімі.
Оңдасын Оразалин Әлия ауылында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектепті аралап көрді. Ғимарат "Ауыл — ел бесігі" бағдарламасы аясында түбегейлі жаңартылуда. 1974 жылы салынған, жалпы ауданы 2300 шаршы метрге жуық мектепте едендер, терезелер, шатырлар, инженерлік желілер ауыстырылды. Қасбетті және оған іргелес аумақты ретке келтірілуде.
Облыс әкімі барлық жұмыстарды қазан айының ортасынан кешіктірмей аяқтауды тапсырды, осылайша екінші тоқсанда толыққанды оқу процесі басталады.
Аймақ басшысы Бұлақ ауылында Қобда ауданының тумасы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға арналған жаңа мұражайдың ашылу рәсіміне қатысты.
Сонымен қатар, облыс әкімі Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде орналасқан Абат-Байтақ кесенесін, Республикалық маңызы бар ескерткішті абаттандыру жұмыстарын көрді. ХIV-XV ғасырларға жататын тарихи ескерткіштің аумағын абаттандыру бойынша ағымдағы жылға жоспарланған іс-шаралар іс жүзінде аяқталды.
Өңір басшысының тапсырмасы бойынша қазан айының ортасында И.Білтабанов атындағы ауылдың мәдениет үйіне күрделі жөндеу аяқталуы тиіс. Мердігер объектідегі жұмыстарға тамыз айында кірісті.  "Ауыл — ел бесігі" бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу аясында терезе блоктарын ауыстырды, қасбетін жаңартты және т. б.
Ауылда қазіргі уақытта жаңа дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Осы жылдың қазан айында медицина қызметкерлері ауыл тұрғындарын медициналық қызмет көрсету стандарттарына сәйкес келетін кең әрі жарық ғимаратта қабылдайтын болады. Амбулаторияның жоспарлы мүмкіндігі - ауысымына 30 адам.
         
Өңір басшысы Терісаққан ауылында да болды, онда 60 орындық мектептің құрылысы белсенді жүргізілуде. Мектеп ғимаратының жалпы ауданы 1200 шаршы метрден асады. Нысан ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі Қобда ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер