«Жақын аралықта офицер болар еді»: Жамбыл ТЖД жарылыстан қаза тапқан әріптестерін еске алды

6769
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл ТЖД қызметкерлері Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан әріптестерін еске алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жәнібек Тұрманов – Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, өз ісінің шебері, нағыз от жауынгері, асыл жар әрі екі баланың аяулы әкесі.

«Жәнібек сол күні кезекші қарауыл құрамында болған. Оқиға орнына, яғни Байзақ ауданына алғашқылардың бірі болып келді. Өзінің қызметтес досы Дидар Умирзаковпен бірге өрт автоцестернасынан лафеттік оқпанды қолданып, өртті сөндірмек болған сәтте алғашқы жарылыс болған. Сол түні ол Тараз қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізілді. Осыдан кейін, бірнеше күннен соң арнайы бортпен Нұр-Сұлтан қаласының Травмоталогия және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына ауыстырылды. Біз  әріптесіміздің ортамызға оралуын күткен едік. Бірақ өкінішке қарай, 2021 жылдың 11 қыркүйегінде таңғы 4-те ол мына жарық дүниемен қош айтысып кете барды.
Біз үшін Жәнібек өзінің жарқын күлкісімен есте қалары анық. Оны "Джони" деп еркелуші едік. Әрқайсысымызға керемет дос бола білді»,– деп жазды баспасөз қызметі.

Жолдастарының  айтуынша, Жәнібек әрқашан өрт сөндіру ісінде бірінші болып, жұмысты жауапкершілікпен орындаған. Оның алдағы болашаққа жоспарлары да көп болған.

«Погондағы жұлдыздарын көбейткісі келді. Тіпті жақын аралықта офицер де болар еді. Өйткені, Жәнібек биыл ғана Санкт-Петербург қаласының Мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін бітіген болатын. Ол өзінің азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2013 жылғы қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысының өртке қарсы қызмет гарнизонында бастады. Содан кейін 2015 жылы Жамбыл облысына ауыстырылды. Осы 6 жылдық мінсіз қызметі үшін 28 марапатқа ие болды»,– деп еске алды әріптестері.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер