Ақтаулық азамат тұрғындарды тегін тасып жүр

2634
Adyrna.kz Telegram

Ақтау қаласының 43 жастағы тұрғыны Қуандық Өміров дүйсенбі-жұма күндері таңертең жетіден сегізге дейін және кешкі сегізден түнге дейін қала тұрғындарын тегін жеткізіп салады деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Хабар24" сілтеме жасап. 

 Такси жүргізушісі қала ішін көлігімен аралап, жолаушыларды діттеген жеріне ақысыз апарады. Мейірімді жанның ісіне біреулер таңғалса, енді бірі ризашылықтарын білдіріп жатады.

Тұрғындар "Қала бойынша тегін TAXI" деп тақтайша жабыстырған көлік жүргізушісін бірден таниды. Ақша төлемей жеткендер әлеуметтік желіге жарыса жазуда.

Ал Қуандық Өміровтің мақсаты  — пандемия жағдайында тұрғындардың көңілін көтеру, сауапты іс жасау.

"Бұл идеяны ойлап жүргеніме үш ай болды. Бірақ халық қалай қарайды деп ойладым. Ашқаныма бір жұма болды, такси тегін деп аялдамаға келіп айғайлаймын, елдер қуана-қуана мінеді. Біреулер түсінбейді, вакцина салдыртасыңдар ма деп сұрайды. Қорқатын да шығар, Маңғыстауда тегін такси тарихта болмаған дейді", - дейді Қ.Өміров.

Ақтаулық азамат автоэлектрик болып жұмыс істейді. Шағын нүктесінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ол дүйсенбі-жұма күндері таңертең 7-ден 8-ге дейін, кешке 8-ден түн жарымға дейін тұрғындарды тегін жеткізіп салады. Ал сенбі, жексенбіде күні бойы жолаушыларды тасымалдайды.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер