Банктер қазақстандықтардың шотынан негізсіз ақша алған

627

Банктер қазақстандықтардың ақшасын негізсіз есептен шығарып отырған. Қарыз алушылардың ақшасы банктер белгілеген лимиттен жоғары көлемде есептен шығарылып отырылған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қадағалау органы банктердің азаматтардан олардың несиелері мен қарыздары бойынша артық ақша қаражатын ұстап қалу фактілерін анықтады.

Еңбек кодексінде (115-бап) және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында (23-бап) тиесілі жалақы мен зейнетақы сомасының 50%-ынан астамын өндіріп алуға тыйым салынған.

Алайда банктер («Kaspi Bank», «Еуразиялық банк», «Қазақстан Халық банкі», «Хоум Кредит энд Финанс Банк» АҚ) азаматтардың шоттарындағы ақшалай қаражаттарын бекітілген тыйымнан жоғары көлемде есептен шығарған.

Мысалы, «Kaspi Bank» АҚ Өскемен қаласы тұрғынының еңбекақы алуға арналған банктік шоты бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ға төлем талабын қойған.

Осы талап түскенге дейін жұмыс беруші алимент төлемдері үшін еңбекақының жартысын ұстаған болатын. Нәтижесінде, барлық ұсталынған сомалардан кейін оның есеп айырысу шотында небары 16 мың теңге (25%) қалған.

Сот шешімімен талапкердің пайдасына артық ұсталған сома өндіріліп алынды, бірақ ол үшін сот дауларына 9 ай уақыт кетті.

Осындай фактілер Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы