Санақ: Қазақтың саны қанша?

496

1 қыркүйектен бастап, елімізде кезекті санақ басталды. 2 айға созылатын санақта не анықталады? Оның маңызы қандай? Бұған дейін елімізде неше рет санақ болған? Осы сұрақтарға жауап іздеуге тырыстым.

1 қыркүйек-30 қазан аралығында өтетін халық санағы негізінен 2019 жылдың қараша айында өтуі керек еді. Алайда санақ 2020 жылыдң күз айына ауыстырылды. Бірақ елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты санақ 2021 жылдың қыркүйегіне шегерілді. 

Халық санағы не үшін өткізіледі?

Халық санағы тек елдегі тұрғындардың санын ғана емес, олардың тұрғын үй жағдайы, отбасылық құрамы, этностық сипаты, ұлты, діні, тіл білуі, білім деңгейі, көші-қон, болашақта көшу жоспары, неке туралы мәліметтер, жұмыспен қамтылу деңгейі, табыс көздері, денсаулығы, тұрмыста айрықша күтімді қажет ете­тін­дігі секілді маңызды әлеуметтік көр­сет­кіштерді анықтауға болады.

Айсұлу Молдабекова (әлеуметтанушы): Халық санағы – қоғамның әлеу­мет­тік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Санақ арқылы мемлекетте ең үлкен мәліметтер базасы қалыптасады. Біз жасайтын түрлі әлеуметтік сауална­ма­лар, өзге зерттеулердің іріктеуінің кө­лемі 1600, 2 мың, 7 мың, ең көбінде 10 мың болады. Статистика комитеті жүргізетін сауалдамаларға қатысатын адам­дар саны 10 мыңнан аспайды. 100 мың, 200 мың не 1 млн адам қатысатын сауалдамалар жүргізілмейді деуге де болады.

2021 жылы тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің 61 елінде де санақ өткізіледі.

*Елімізде халық санағы 2 рет (1999, 2009) өткен.

Биылғы халық санағының ерекшелігі - тек офлайн ғана емес, sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн қатысуға мүмкіндік береді. Дәл қазіргі сәтте 100 мыңға жуық азаматтарымыз онлайн санаққа қатысты. Санақ барысында респондентке 91 сұрақ қойылып, миграция, пандемия кезінде қандай қиыншылық көргені, тіл, дін, қызметі, табысы т.б сұрақтар қамтылады.

*2009 жылы өткен халық санағында 73 сұрақ қамтылды.

Қанша қаражат жұмсалады?

2018 жылдан 2023 жылға дейінгі бесжылдық кезеңге халық санағын жүргізуге бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде санақ қызметкерлеріне 4,7 млрд теңге төленді. Осы кезеңде 32 313 адам жұмысқа орналастырылады. Биыл бір адамға жұмсалатын шығын 1,1 АҚШ долларын құрайды. 2009 жылғы ол 2,9 АҚШ доллары болған еді.

- Санақты жүргізетін интервьюлер үшін 83-125 мың теңге көлемінде жалақы төленеді.

- 475,4 млн. теңгеге отандық өндірістің 138 дана ВАЗ 21214 «Нива» автокөлігі сатып алынды.

- 1 млрд теңгеге 27 412 планшет, пауэрбанк алынды. 1 комплектінің құны - 39 603 теңге.

Марат Шибутов (Cаясаттанушы): Біздің елде көптеген аймақтарды қаржыландыру халықтың аз-көптігіне тікелей байланысты. Пункттың статусын (ауыл, қала) да халықтың саны анықтайды. Халық санағы бойынша аймақтарды қаржыландыру деңгейі өзгеруін жоққа шығаруға болмайды. Себебі, кей пунктте 1000-нан астам тұрғын болса да, олардың көпшілігі басқа жерде тіркелген немесе туған жерінде тіркелгенімен, өзі басқа қалада жұмыс істеуі мүмкін. Нәтижесінде не болады? Құжатта халқы көп аймақтарда мектеп, ауруханалар қаңырап тұрады, ал тіркеуі аз пункттерде мектеп, ауруханаларға адам сыймай жатады.


2009 жылы өткен халық санағы несімен есте қалды?

- 2009 жылғы халық санағы дәстүрлі әдіспен өтті. Яғни санақшылар респонденттерден алған мәліметтерді қағаз блан­кілерге қолмен толтырды және санақ­шыларға міндетті түрде баспа әріп­терімен жазу талабы қойылды.

- 2009 жылы халық санағына 6,9 млрд теңге бөлінді Оның 1,2 млрд теңгесі жымқырылды.

- 2009 жылы өткен халық санағы тек санақтың қорытындысымен ғана емес, жемқорлығымен де есте қалды. Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева ұлттық халық санағын өткізуге бөлінген 700 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталды. Кейін Статистика агенттігінің экс-басшысына халықаралық іздеу жарияланып, Түркия, БАӘ, Ресейде жасырынған Анар Мешімбаева 2013 жылдың қыркүйегінде ол Мәскеуден экстрадицияланды.

2014 жылдың 14 наурызында Астанадағы Есіл аудандық №2 cоты судьясының шешімімен Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева мүлкі тәркілеумен және мемлекеттік қызмет лауазымын атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айырумен бірге жалпы режимдегі колонияда 7 жыл жаза өтеу үкімі шығарылды.  2015 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы рақымшылық туралы жарлығымен Анар Мешімбаеваның жазасы 2 жылға қысқартылып, 2018 жылы бостандыққа шықты.

- 2009 жылы халық санағы ақпан айында өтсе де, нәтижесі 2010 жылыдң ақпан айында жарияланды.

- ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов елдегі қазақтар саны 67 пайызды құрайды деген. Бірақ ол санақты ерте беріп жіберген, кейін 300 мың адамның екі рет саналып кеткені белгілі болды - деп, ақталып, қазақтардың үлесі - 63,6%  көрсетілді.

Мақаш Тәтімов (демограф): «Тәуелсіздік не берді?» деген сауалға келсек, оған нақты жауап беру үшін егемендік алған 20 жылдағы статистикаға көз жүгіртейік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміз аумағынан 3 миллионға жуық өзге ұлт өкілі көшіп кетті. Көшкен өзге ұлт өкілдерінің орнын тарихи отанына алыс-жақын шетелдерден оралған қандас­тарымыз толықтырды. Олардың тарихи отанына оралуына жол ашқан – Тәуелсіздік. Өткен ғасырдағы 80-жылдардың соңында демографиялық ахуал біршама оңалғаны байқалады. Бірақ 1999 жылғы көрсеткіш бойынша қазақ әйелдерінен туған бала саны біршама азайғанын көреміз. Нақты статистикаға жүгінер балсақ, 1988 жылы қа­зақ әйелдерінен туған бала саны 208 мың болса, 1999 жылы 138 мыңға азайған. Ал өткен 2010 жыл аяқталмай жатып бұл көрсеткіш 265 мыңға жетті. Демек, жыл сайынғы қазақ әйелдерінен туатын бала саны жалпы, соңғы 10 жыл ішінде 127 мың­ға көбейген. Яғни қазақ ұлтының саны қарқынды өсіп келе жатыр. Бір кезде 40 пайызға жетпей қалған қазақ халқының үлесі бұл күнде 65 пайызға жетті. Бұл – Тәуел­сіздіктің жемісі.

 

Ұлттар 1989 жыл 1999 жыл 2009
Қазақ 40,1 % 53,4 % 63,6 %
Орыс 37,4 % 30 % 23,3 %
Украин 5,4 % 3,7 % 2,0 %
Неміс 5,8 % 2,4 % 1,1 %
Өзбек 2,0 % 2,5% 2,9 %

 

Жалпы халықтың саны онжылдықтар ішінде былай өзгерді: 

1989 жыл - 16 млн 537 мың

1999 жыл - 14 млн 928 мың

2009 жыл - 15 млн 989 мың

2021 жыл - 18 млн 877 мың

1999 жылы өткен халық санағы қорытындысы бойынша да, наразылықтар болды. Ресми статистикада қазақтардың үлесі - 53,4% деп, көрсетілгенімен, кей әлеуметтанушылар қазақтардың мөлшері - 48% ғана деп, өз пікірлерін ұсынды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНДЕ САНАҚ НЕШЕ РЕТ ӨТКЕН?

- Өзбекстан - әзірге халық санағы өткізілмеген. 2017 жылы халық санағы 2020 жылы өтеді деп айтылған еді. Бірақ белгісіз себептермен 2022 жылға ауыстырылды. Бірақ елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты санақ 2023 жылға шегерілді.

- Қырғызстан - 3 рет 1999, 2009, 2020 жылы өткізген.

- Тәжікстан - 3 рет 2000, 2010, 2020 жылы өткізген.

- Түркіменстан - 2012 жылы өткізген. Нақты ақпарат жоқ.

Түйін: Алдағы халық санағы дау-дамайсыз, жымқырусыз өте ме? Барлығы уақыт еншісінде!

Қанат БАЙҰЗАҚОВ,

"Адырна" ұлтты порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы