Қасым ханымыздың Иран шахы Исмаилмен жазған хаты табылды!

2270
Adyrna.kz Telegram

ҚАСЫМ ХАНЫМЫЗДЫҢ ИРАН ШАХЫ ИСМАИЛМЕН ЖАЗҒАН ХАТЫ ТАБЫЛДЫ!

Тегерандағы Қажы Хусейн Малек кітапханасынан табылған қолжазбалардың бірі «Тарих-и Сафавие» (Сефевидтер әулетінің тарихы) деп аталады. Бұл қолжазбаның авторы – Исмаил Хусейни Мараши Табризи. Ол өз ортасына Мир Мулайим Бек деген атпен танылған. Сондай-ақ оның «Да‘ва» деген лақап аты да белгілі.Аталмыш қолжазба Сефевидтер әулетінің (XVI-XVIII ғасыр) тарихы мен осы әулеттің көршілес елдермен арадағы қарым-қатынасы туралы сыр шертеді. Бұл қолжазба – 372 парақтан тұратын қомақты еңбек. Беттер саны түгел емес, басында және соңында беттері түсіп қалған. Жазуы наста‘лиқ үлгісінде таңбаланған. Қолжазбаның алғашқы бөлімдерінде Сефевидтер әулетінің билікке келу тарихы мен билік құруы туралы әңгіме болады. Ал қолжазбаның соңғы бөлімінде осы әулеттің Орталық Азия хандарымен қарым-қатынасы, олардың бір-бірімен арадағы өзара дипломатиялық қатынасы әңгіме болады. «Тарих-и Сафавие» қолжазбасының авторы осы еңбекті жазу үшін бірнеше тарихи еңбекке («Раузат ас-сафа», «Тарих-и алам арайи Аббаси», «Хабиб ас-сийар») сүйенгендігін және сондай-ақ шығарманы жазу барысында ауызша жеткен деректер мен әңгімелерді пайдаланғандығын тілге тиек етеді. «Тарих-и Сафавие» қолжазбасының бірнеше жерінде Қасым ханның аты аталады. Шығарманың авторы Қасым ханды Дешті Қыпшақтың «ханы» кейде «патшасы» деп, бірнеше жерде атап көрсеткен. Аталмыш қолжазбадағы деректерге сүйенсек, Иран шахтары мен Орталық Азия хандарының арасындағы шиеленіске толы оқиғалар әңгіме болады.Қазақ хандығына қатысты дерек Қасым ханның атымен тығыз байланысты. Автор Дешті Қыпшақ ханы Қасым хан мен Шахи бектің арасындағы тартысты баяндайды. Шахи бек Бұқара ханы Абдолланың немере інісі болып табылады. Оқиға Иран шахы І Исмаилдің Дешті Қыпшақ ханы Қасым ханға хат жазуынан басталады. Ол Қасым ханға жолдаған хатында Шахи бектің өзінің атына арнайы теңге соқтырғанын хабарлап, оған қарсы әрекет қолданбаса, мәселенің бетін алу қиынға соғатынын ескертеді. Қасым хан Иран шахына жазған жауап хатында Шахи бектің атын өшіріп, оның орнына өзінің атын жаздыртып, теңге соқтыруға бұйрық бергендігін хабарлайды.

Хаттардағы мәліметтерге қарап, Иран шахтарының Қасым ханмен қатты санасып, мәмілеге жүгініп отырғанын байқаймыз. Мұның барлығы Қасым ханның ресми хан көтерілгеніне дейін болған оқиғалар екендігін ескергеніміз абзал. Қасым ханның есімі таққа отырғанға дейін де танымал болғандығын және саяси сахнада беделі жоғары болғандығын осы қолжазбадағы деректер дәлелдеп береді.


Дайындаған: Мадияр МЕҢДІБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер