Жаңа оқу жылында мектептерде хиджаб киюге рұқсат етілді ме?

8198

Мемлекеттік және жеке меншік мектепте хиджаб кию заңға қайшы. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы, "Qasqa jol" ютуб каналына сілтеме жасап.

- Енді, бізде зайырлы мемлекет қой. Жалпы зайырлы мемлекет болғаннан кейін діни мәселе, басқа мәселе деп бөле алмаймыз. Мектептің қабылдаған тиісті талаптары бар. Білім министрінің 2016 жылғы  26-бұйрығы шеңберінде жұмыс істеуіміз  керек, - деді А.Аймағамбетов.

Министр конституцияда Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салды. Ал мектепке баратындардың барлығы міндетті түрде Білім және ғылым министрінің бұйрығын, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң мен Конституцияны орындауы тиіс екенін айтты.

- Мәселе діни де емес, басқа да емес. Мейлі қысқа юбка болсын, әлде басқа бір біздің формаға сәйкес келмейтін атрибуттар болсын, мектепке балаларды ондай киіммен келуіне рұқсат етілмейді.

- Сондықтан, бұл мәселені тек қана сол дін жаққа, әлде басқа жаққа келтіру дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, жалпы мектеп формасынан басқа киіммен келудің өзі тәртіпке қайшы келеді,- деп мәлімдеді Министр.

Сөз соңында ҚР Білім және ғылым министрі талап барлығына бірдей екендігіне тоқталды. Мектеп формасына қойылатын талаптар бар, мемлекеттік стандарт бар, біздің елдің жеке меншік мектептері болсын, мемлекеттік мектептері болсын осы мемлекет талаптарын және жалпы алғанда еліміздің барлық заңдарын орындауы тиіс екендігін атап өтті.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар