1 млн 650 мың қазақстандықтың жалақысы өседі

3248
Adyrna.kz Telegram

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік – еңбек саласы бойынша тапсырмалардың қалай орындалатыны туралы айтып берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы жариялаған бастамаларға сәйкес еңбекақы төлеуді арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Бірінші, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ мөлшері 60 мың теңгені құрайды. Бұл шара 1 млн 650 мың жалдамалы қызметкердің ақшалай табыстарының өсуіне алып келеді. Бұл сондай-ақ разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа да қызметкерлердің кірістерін арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, 4 жыл ішінде азаматтық қызметшілердің жекелеген 588 мың санатының (мұрағатшылар, кітапханашылар, музейтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және т.б.) жалақысын кезең-кезеңімен арттыру үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленеді. Нәтижесінде, 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын 20% - ға артып, 2025 жылға қарай екі есеге артады. Ең төменгі жалақы 49 мыңнан 60 мың теңгеге дейін немесе 22% - ға өседі»,— деді Серік Шәпкенов.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер